Күйік алғанда не істеу қажет

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда 68 жастағы әйел моншаға түсіп жатып, күйіп қалды. Тек жағдайы нашарлағанда ғана дәрігерге көрінді. 

Петропавлдағы көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасының мәліметінше, зейнеткердің беті, мойны, құлағы және сол жақ білегі күйген. Ол моншада жуынып жатып, қайнаған суға күйіп қалған екен.

Алғашында дәрігерге бармай, өз бетімен емделуге тырысқан, алайда бірнеше күннен соң жағдайы нашарлап, ісіну күшейіп, қызуы көтерілген.

Терісінің 5% күйік шалғаны анықталып, жақ-бет хирургиясы бөлімшесіне жатқызылды. Мамандар ем тағайындап, жараларын күнделікті таңып отырды. Нәтижесінде жағдайы жақсарып, үйге амбулаториялық бақылауға жіберілді.

— Күйік кезінде алғашқы көмек өте маңызды. Зақымданған жерді дереу салқын, бірақ мұздай емес сумен 10–15 минут бойы салқындату қажет. Егер киім күйген жерге жабыспаса, оны абайлап шешкен дұрыс. Май, жақпа май немесе йод сияқты заттарды жағуға болмайды. Күйген жерге таза, құрғақ таңғыш таңылады. Тіпті жарақаттанған жер аз болса да, міндетті түрде дәрігерге көріну қажет, себебі асқынып кетуі мүмкін, — дейді аурухана дәрігерлері.

Мамандардың айтуынша, бет, мойын, қол мен буындардағы күйік, сондай-ақ қарт адамдар мен балалардағы кез келген күйік — аса қауіпті. Өздігінен емделу денсаулыққа зиян әкелуі мүмкін. Сондықтан бірден маман көмегіне жүгінген жөн.

Естеріңізге салайық, бұған дейін дәрігер іс-қимылынан денсаулыққа зақым келсе, сақтандыру төлемі қалай берілетіндігін жазған едік.