Құйрықтыкөлде шынымен 20 млн тонна сирек металл бар ма — министрлік жауабы

Фото: Валерий Бугаев

АСТАНА. KAZINFORM — Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитетінің төрағасы Ерлан Ақбаров Қазақстанды сирек металл қорының көлемі бойынша әлемдегі үшінші мемлекетке айналдырады делінген Құйрықтыкөл учаскесінде қанша кен болуы мүмкін екенін айтты. 

— Құйрықтыкөл учаскесі мемлекеттік бюджет есебінен жасалған барлау нәтижесінде анықталған. Қазір ол жерде сирек кездесетін металдардың болжамды қоры белгілі. Болашақта ол жерде геологиялық барлау жұмыстары жүргізілейін деп жатыр. Біздің ұлттық тау-кен компаниясы жүргізеді. Соның нәтижесі бойынша инвестор қаралады. Қазіргі қоры біздің болжам бойынша 1 млн тоннаға жуық. Бірақ ол болашақта ауқымы үлкен зерттеуді талап ететін учаске болып саналады, — деді ол.

Ал бұған дейін аталған учаскеде 20 млн тонна кен бар екенін халықаралық БАҚ жарыса жазған болатын

— Бізде кен қорын анықтайтын түрлі санат бар. С2 санаты бойынша 1 млн тоннаға жуық кен бар. Ал В1, В2, В3 санаттары болжамдық санат бойынша 20 млн тоннадан асауы мүмкін. Бірақ оны дәлелдеу керек, — деді комитет басшысы. 

Еске салсақ Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан Құйрықтыкөл кен орнында барлау жұмыстары аяқталғаны туралы айтқан еді

Айта кетелік Бектенов тау-кен алпауыттарының айналасында орта бизнес белдеуін ұйымдастыруды тапсырған еді.