Құйрықтыкөлдегі сирек металдардың қоры 935 мың тоннадан асты

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл геология саласын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді.

Фото: Өнеркәсіп министрлігі

Соңғы бес жылда Қазақстанның геология саласында минералдық-шикізат базасын кеңейтуге, геологиялық зерттеулердің сапасын арттыруға және инвестициялық тартымдылықты күшейтуге бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілді.

2020-2025 жылдар аралығында геологиялық және геофизикалық зерттеулермен қамтылған аумақ көлемі 1 576,5 мың шаршы шақырымнан 2 038,2 мың шаршы шақырымға дейін ұлғайды. Бұл көрсеткіш геологиялық зерделеу деңгейін арттырып, пайдалы қазбалардың жаңа перспективалы учаскелерін анықтауға мүмкіндік берді.

2021 жылы Қазақстанның фанерозойлық түзілімдерінің стратиграфиялық схемаларын жаңғырту жұмыстары аяқталды. Халықаралық хроностратиграфиялық шкалаға сәйкес жүргізілген бұл жұмыс отандық геологиялық деректерді халықаралық стандарттармен үйлестіруге және геологиялық зерттеулердің ғылыми негізін жетілдіруге мүмкіндік берді.

— 2022 жылы Каспий маңы бассейнінің терең құрылымын зерттеуге бағытталған «Еуразия» жобасының бірінші кезеңі аяқталды. Жоба аясында өңір бойынша жинақталған барлық геологиялық және геофизикалық деректер заманауи тәсілдер мен интерпретациялау технологияларын пайдалана отырып қайта өңделді және талданды. Нәтижесінде Каспий маңы ойпатындағы ең перспективалы аймақтар айқындалып, бассейннің болжамды көмірсутек ресурстары 4,7 трлн тонна шартты отын көлемінде бағаланды, — делінген министрлік хабарламасында.

Осы жылы Қазақстан Республикасы геология саласын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Құжатта саланы одан әрі дамыту, минералдық-шикізат базасын толықтыру және геологиялық барлау жұмыстарының тиімділігін арттыру жөніндегі негізгі бағыттар белгіленді.

2023 жылы геология саласының ғылыми-әдістемелік негізін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасының Стратиграфиялық және Петрографиялық кодекстері әзірленіп, жарияланды. Бұл құжаттар геологиялық қабаттарды сипаттау, олардың жасын анықтау және тау жыныстарын жіктеу бойынша бірыңғай тәсілдерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.

— 2024 жылы жүргізілген іздеу жұмыстарының нәтижесінде Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында орналасқан Құйрықтыкөл учаскесінің жерде сирек кездесетін металдар бойынша келешегі зор екендігі анықталды. Зерттеу нәтижелері аталған аумақта өнеркәсіптік тұрғыда игеруге жеткілікті көлемде жерде сирек кездесетін элементтердің шоғырланғанын көрсетті.

Учаске аумағында Дос-1, Дос-2, Дос-3 және Ырғыз атты төрт перспективалы алаң бөлініп, церий, лантан, неодим және иттрий элементтері бойынша болжамды ресурстарға бағалау жүргізілді. Нәтижесінде жерде сирек кездесетін элементтердің болжамды ресурстары 935,4 мың тоннаны құрады. Сонымен қатар Ырғыз алаңында С2 санаты бойынша 795,8 мың тонна қор есептелді, — делінген хабарламада.

Геологиялық зерттеулердің тиімділігін арттыру мақсатында 1:50 000 масштабтағы геологиялық түсірілімдерді жүргізуге арналған 25 жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Бұл жұмыстар болашақта қатты пайдалы қазбаларды, оның ішінде сирек және жерде сирек кездесетін металдарды анықтау мүмкіндігін арттыруға және геологиялық барлау жұмыстарының дәлдігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Осылайша, кейінгі жылдары жүзеге асырылған жұмыстар Қазақстанның минералдық-шикізат базасын кеңейтуге, геологиялық зерттеулердің сапасын арттыруға және елдің инвестициялық әлеуетін нығайтуға қосылған маңызды үлес болып отыр. 

Айта кетелік Қазақстанда тарихи геологиялық деректердің 97,5%-ы цифрландырылғаны туралы жазған едік