Қазақстанда тарихи геологиялық деректердің 97,5%-ы цифрландырылды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда көп жылдан бері қағаз күйінде сақталған геологиялық құжаттарды цифрландыру жұмысы аяқталуға жақын. Қазір тарихи деректердің 97,5%-ы сканерленген. Бұл шамамен 4,7 млн карта мен есепті қамтиды. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен брифингте ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова айтты.

Олжас Бектенов: Қазақстан геологиялық барлауды күшейтеді
Фото: Үкімет

Оның айтуынша, цифрландыру жұмысы жасанды интеллект технологияларын енгізуге негіз болып отыр. Қазір министрлікте бірыңғай геодеректер базасы қалыптасып жатыр. Сонымен қатар көлемі шамамен 1 терабайт болатын алғашқы ақпарат жүктелген жүйенің сынақ нұсқасы әзірленген.

— Бұл жүйе мамандарға барлық ақпаратты бір жерден қарап, қажетті мәліметті тез табуға мүмкіндік береді. Соның арқасында деректерді салыстыру мен бастапқы талдау жүргізу жеңілдейді, — деді вице-министр.

Сондай-ақ геологтың жеке кабинеті мен интерактивті карта әзірленген. Вице-министрдің сөзінше, бұл пайдалы қазбаларды іздеу жұмысын жеделдетуге көмектеседі.

Сонымен бірге ол соңғы шешімді мамандар қабылдайтыны атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жасанды интеллект пен цифрландыруды дамытуға 177 млрд теңге бөлінгені хабарланған еді.