Күйші Дина Нұрпейісованың 150 жылдық мерейтойы Түркияда кеңінен аталып өтілуде

АСТАНА. 20 қазан. ҚазАқпарат - Еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында Түркияда қазақ халқының атақты күйшісі Дина Нұрпейісованың 150 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтуде. Бұл ақпаратты еліміздің Түркия Республикасындағы Елшілігі таратып отыр.

Атап айтқанда, 13-19 қазан аралығында Атыраудың Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің өнерін Мерсин, Хатай, Газиантеп, Анкара қалаларында Түркияның өнерсүйер қауымы тамашалады.

Қазақстан Елшілігінің, Түркия Мәдениет және туризм министрлігінің, Түркі мәдениеті халықаралық ұйымының (ТҮРКСОЙ) және Етимесгут ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Анкара қаласының Етимесгут ауданында «Дина Нұрпейісова саябағы» ашылды. Бұл ұлы күйші атындағы шет елдерде ашылған тұңғыш саябақ. Саябақтың ашылу салтанатына ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Д.Қасейінов, Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрінің орынбасары К.Генч, Етимесгут ауданының мэрі Е.Демирел, Елшілік қызметкерлері, түрік қоғамдық ұйымдары мен мекемелерінің өкілдері қатысты.

Іс-шараны ашқан Етимесгут ауданының мэрі Е.Демирел тағдыры ұқсас, тарихы ортақ түркі әлемінің ұлы өнер адамдарының бірі болып табылатын ұлы күйші Дина Нұрпейісова мұрасының халықтарымызды өзара рухани байытудағы және достық дәнекерлерін нығайтудағы үлкен рөлін тілге тиек етті.

Ал ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Д.Қасейінов өз сөзінде қазақтың атақты өнер адамдарының бірі болған Дина Нұрпейісованың қазақ халқының да, сондай-ақ түркі әлемінің де зор сүйіспеншілігіне және терең құрметіне бөленген түркі дүниесіндегі тұңғыш күйші әйел болып табылатынын атап өтті. Өзі өмір сүрген кезеңде мәдениет пен музыканың дамуына зор үлес қосып, бүкіл түркі әлемінің әйелдеріне үлгі болған жан екеніне тоқталды. Түркі мемлекеттері тәуелсіздіктерінің 20 жылдығы аясында ашылған саябаққа Дина Нұрпейісованың есімі берілуінің, сондай-ақ аталған іс-шараның бірінші рет Қазақстаннан тыс жерде өтіп отырғанының мәні зор екенін айтып өтті.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен саябақтың ашылуы құрметіне Анкара қаласының көркемөнер және ескерткіштер мұражайында Атыраудың Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің үлкен концерті өтті. Оркестрдің орындауындағы Дина Нұрпейісованың «16 жыл», «Навои», Құрманғазының «Төремұрат», Түркештің «Көңіл ашар», Н.Тілендиевтің «Махамбет» күйлері, Е.Брусиловскийдің «Боз айғыр» шығармасы, Моцарттың «Түрік маршы» және т.б. көптеген шығармалар көрермендерді тәнті етті.

Аталған өнер ұжымының кезекті концерті Ыстамбұл қаласында өтеді.