11:54, 14 Наурыз 2009
Күйшінің шығармашылық кеші өтті
АСТАНА. Наурыздың 14-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Қазақ ұлттық музыка академиясында күйші Нұрлан Бекеновтің «Күй сарын» атты шығармашылық кеші болып өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақ ұлттық музыка академиясының түлегі қазір осы білім ордасында ұстаздық етеді.
Күй кеші Астана қаласының Мемлекеттік филармониясы қазақ халық аспаптары оркестрінің қатысуымен өтті. Осы оркестрге Нұрлан дирижерлық жасады. Домбырашы, «Дарын» сыйлығының иегері Анар Мұздаханова Нұрланның «Талпыныс» атты күйін орындады. Кеш иесінің «Көңіл сазы» күйін Жанар Жүсіпова қылқобызбен құйқылжыта жеткізді. Нұрлан Бекенов жиналғандар алдында өзі де бірнеше күй тартты. Құрманғазының, Байжігіттің күйлерімен қатар өзінің «Қуаныш», «Жайлауда» деген шығармаларын орындады. Өзінің үшінші сыныптағы шәкірті Турабай Абай халық күйі «Тепеңкөкті» тартып берді. Осы кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов: «Нұрлан ? болашағынан үлкен үміт күттіретін кейінгі толқын інілеріміздің бірі. Көптеген конкурстардың лауреаты. Алар биіктері алда деп ойлаймыз»,- дей келіп, жас дарын иесіне шығармашылық табыс тіледі.