Күз келді: иммунитетті қалай нығайтамыз

АСТАНА. KAZINFORM – 26 тамызда еліміздің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері 2026–2027 жылдардағы эпидемиялық маусымға арналған жаңа қаулы қабылдады. Құжатта тұмауға қарсы вакцинация жүргізу, медициналық ұйымдардың дайындығын күшейту, вирустарға зертханалық бақылау жасау және білім беру ұйымдарында таңертеңгі сүзгі ұйымдастыру қарастырылған.

Фото: freepik.com

Биыл вакцинация қашан басталады? Екпені кімдер тегін ала алады және оған қалай дайындалу қажет?

Осы және өзге де сауалдарға ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы Арай Зекенова Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында жауап береді.

Фото: видеодан алынған скрин

Күзде күн салқындап, адамдар жабық ғимараттарда көбірек уақыт өткізеді. Осы кезеңде тұмау мен жіті респираторлық вирустық инфекциялардың таралу қаупі артады. Сондықтан аурудың алдын алу шараларын ерте бастаған маңызды.

- Қазіргі таңда эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Күн суыған сайын ЖРВИ мен тұмау жағдайларының артуы – жыл сайын күтілетін маусымдық кезең. Бұл инфекциялар күз-қыс мезгілінде жиі таралады. Алдағы маусымда тұмаудың А типті H1N1 және басқа да А және В типтерінің штамдары күтіледі. Қазіргі таңда қолданылатын вакцина құрамында осы маусымда күтілетін штамдарға қарсы компоненттер бар, - деді ол.

Мамандар тұмауға қарсы екпені эпидемиялық маусым басталғанға дейін алған дұрыс екенін айтады. Өйткені вакцина салдырғаннан кейін ағзада қорғаныш иммунитетінің қалыптасуына шамамен екі апта уақыт қажет. Екпе жұқтырудан толық қорғамауы мүмкін, алайда аурудың ауыр өтуі мен асқыну қаупін төмендетеді.

- Биыл 2 миллионға дейін адамды вакцинациялау жоспарланып отыр. Халықты барынша толық қамту үшін «Гриппол » вакцинасы сатып алынды. Бұл – Ресейде өндірілген вакцина. Ең алдымен жиі ауыратын балаларға, жүкті әйелдерге, егде жастағы адамдарға және медицина қызметкерлеріне салынады. Сонымен қатар вакцина алғысы келетін азаматтар оны өз еркімен де ала алады, - деді Арай Зекенова.

Былтырғы маусыммен салыстырғанда биыл ЖРВИ бойынша медициналық ұйымдарға жүгінгендер саны 17 пайызға азайған екен.

- Өткен маусымда 17,4 миллион адам ЖРВИ бойынша медициналық көмекке жүгінген. Ал коронавирус инфекциясына келетін болсақ, былтыр 64 жағдай тіркелді. Өлім-жітім жағдайы болған жоқ, - деді ол.

Арай Зекенованың айтуынша, вакцинацияның негізгі пайдасы — аурудың ауыр өтуінің алдын алу. Бұған дейін вакцина алған адамдар инфекция жұқтырған жағдайда да ауруды жеңілірек өткереді.

Айта кетейік, Конгоға Эбола індетіне қарсы вакцинаның алғашқы партиясы жеткізілді.