Қазір Ақсу қант зауытын қайта қалпына келтіріп, жұмысын жандандыруға инвесторлар іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының өкілі Ринат Саменнің мәліментінше, әзірге бір инвестор зауытты қалпына келтіріп, жұмысты жандандыруға қызығушылық танытып отыр. Егер іс нәтижелі жүзеге асса қаңырап қалған кәсіпорынды күз айында іске қосу жоспарлануда.
Айта кетелік, Ақсу қант зауыты бұған дейін жекенің қолында болды. Банкте кепілдікте тұрған нысанды «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы сатып алды. Ендігі міндет - оны іске қосу. Елбасының тікелей тапсырмасына сәйкес, Алматы облысында қант қызылшасын қайта өсіру мықтап қолға алынды. Тәтті түбірдің алқап көлемін 9 мың гектарға дейін жеткізу көзделуде. 300 мың тоннадан астам қант қызылшасын жинап, 30 мың тонна таза өнім алу жоспарлануда. Осылайша, импортқа тәуелділікті азайту көзделген. Қазіргі таңда Алматы облысында қант қызылшасын қабылдайтын жалғыз «Көксу қант зауыты» ғана істеп тұр.