Күзде балық аулағанда қандай қауіпсіздік ережелерін сақтау керек
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары күзгі балық аулаудың қаупі жайлы ескертті.
Балық аулау – талай адамның сүйікті хоббиі. Бірақ қауіпсіздік ережелерін сақтамаса ол хоббидің соңы қайғылы жағдайға әкеліп соғуы мүмкін. Өкінішке қарай, мұны көбісі ұмытып кетеді.
Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында 3 балықшы қаза болды. ШҚО ТЖД құтқарушылары жазатайым оқиғаларға талдау жасады. Балықшылар өлімінің негізгі себептері: олар мас күйде балыққа барып, қауіпсіздік шараларын сақтамаған, су айдындарында құтқару желетін кимей қайықпен жүзген.
«Ішімдік ішу, балықшының жүзе алмауы, қайықта жалғыз өзі болуы, қараңғыда балық аулауға шығуы, қатты жел соғуы сияқты факторлар аса қатерлі. Сонымен қатар судағы қайғылы жағдайлар қарапайым қауіпсіздік шараларын білмеуден, немқұрайлық салдарынан болып жатады», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Күзде су салқындап, ауа райының тым құбылмалы болуы балықшыларға қауіп төндіреді.
«Балықшыларға желді ауа райында және қараңғыда су қоймасына барудан аулақ болу керек. Әрқашан құтқару кеудешесін киіңіз, қайықты шамадан тыс жүктемеңіз, жарамды жүзу құралын пайдаланыңыз», - деп ескертті құтқарушылар.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-дағы жер үйлерде 6 мыңнан астам өрт қауіпсіздігі ережесі бұзылғаны хабарланған.