Күздегі Сенат сайлауы қалыптасқан заңнамалық дәстүрге сай өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Конституцияға сәйкес, Қазақстанның Сенаты әр об­лыстан, республикалық маңызы бар қа­ладан және Қазақстан Республика­сы­ның астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттардан құралады. Бұдан бөлек, Сенатта қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулі мүдделерінің білдірілуін қам­тамасыз ету қажеттілігі ескеріле оты­рып, он бес депутатты ел Президенті тағайындайды. Ал жалпы сенаторлардың депутаттық өкілеттік мерзімі алты жыл болса, олардың жартысы әрбір үш жыл сай­ын қайта сайланып отырады.

Міне, осындай қағидаттық негізде Қазақстандағы Сенат депутаттарының жартысы соңғы рет 2008 жылғы 4 қазанда сайланған болатын. Осы себепті кеше ҚР Президентінің «2014 жылғы 1 қазанға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының кезекті сайлауын тағайындау туралы» Жарлығы шыққан еді. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы мен мүшелері алдағы сайлау науқанын өткізуге дайындық барысы туралы әңгімемен бөліскен еді.

Ортсайлауком басшысы Қуандық Тұрғанқұловтың айтуынша, 2008 жылғы 4 қазанда сайланған сенаторлар өкілеттігінің конституциялық мерзімі ағымдағы жылғы 9 желтоқсанда аяқталады. Соған орай, 1 қазанда республиканың 16 өңірінде Сенат депутаттығына бір-бір депутаттан сайлау қарастырылған.

«Сенат депутаттарын сайлау жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асады. Жанама сайлау құқығы - Парламент Сенаты депутаттарының сайлауында дауыс беруге тек қана таңдаушылар, яғни мәслихаттар депутаттары ғана қатысады дегенді білдіреді. Осылайша, өз кезегінде еліміздің азаматтары тікелей сайлауда сайлаған мәслихаттар депутаттары сенаторларды сайлайды, ал олар Парламентте өңір жұртшылығының мүдделерін білдіреді», - дей келе Қуандық Тұрғанқұлов мұндай сайлау дәстүрі әлемдік тәжірибеде жиі кездесетінін атап өтті.

Мәселен, Қазақстандағы қос палаталы Парламенті бар әлемнің 77 мемлекетінің 21-інде жоғарғы палаталар жалпыға бірдей сайлау арқылы құралады екен. Соның ішінде сайлау науқаны 12 елде - жанама сайлау арқылы, 18 елде тағайындау арқылы, 26 елде жоғарыда көрсетілген үш нысаннан үйлестіру жолымен құралады.

Осы тұста қос палаталы парламенттің артықшылықтары туралы да айта кетсек. Мұндай парламенттер әлемнің 195 дербес мемлекетінің 78-інде бар екен. Ал олардың халқы 3 млрд. 570 млн. адам, яғни дүние жүзі халқының 55,3%-ын құ­райды. Сонымен қатар, қос палаталы парламенттік жүй­есі бар мемлекеттер жалпы көлемі 91 млн. 016,9 мың шаршы шақырым жерді иеленеді, бұл - Антарктиданы қос­пағанда, Жер құрлығының 67,5%-ы. Бұдан шығатын қорытынды, адамзаттың ба­сым көпшілігі, мемлекет құрылысының нысанына (унитарлық немесе федеративтік) қарамастан, парламент құрылы­мында қоспалаталыққа артықшылық бе­ріп отыр деген сөз.

Ал Қазақстандағы сайлауға келсек, сенатор ретінде кандидаттарды ұсыну мәслихаттар сессияларында, сондай-ақ өзін-өзі ұсыну тәртібімен жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өздерінің мәслихаттардағы өкілдері арқылы өз кандидаттарын ұсына алу мүмкіндігі де баршылық.

Сенат депутатына кімдер кандидат бола алады?

ОСК төрағасының айтуынша, Конституцияға және заңнамаға сәйкес жасы 30-ға толған, жоғары білімі бар және жұмыс өтілі бес жылдан кем емес, сондай-ақ соңғы он жыл бойы еліміздің аумағында және соңғы үш жыл бойы өзі дауысқа түсетін өңір аумағында тұрақты түрде тұратын Қазақстан азаматы Парламент Сенатының депутаты бола алады. Бұдан бөлек, Парламент Сенатының депутаттығына кандидат ретінде тіркелу үшін үміткер тиісті аумақтық мәслихаттар депутаттарының кемінде он пайызының қолдауына ие болуы тиіс. Ол үшін тиісті қолдар санын жинау қажет болмақ. Бұдан соң, кандидат иісті тәртіппен тіркеліп, оның Конституция мен Сайлау туралы заңда көрсетілген талаптарға сәйкестігі тексерілгеннен кейін сайлау жарнасын енгізуге тиіс болады. Биылғы жылы жарна 299 мың 490 теңгені құрап отыр. Бұдан бөлек, кандидат және оның зайыбы тіркеуге дейін тұрғылықты жері бойынша салық органдарына табысы мен мүлкі туралы декларация тапсыруға міндетті.

«2014 жылғы 1 қазанға ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының кезекті сайлауын тағайындау туралы Президент Жарлығының ережелерін іске асыру мақсатында Орталық сайлау комиссиясы осы сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың Күнтізбелік жоспарын бекітті. Аталған жоспарға сәйкес кандидаттарды ұсыну ағымдағы жылғы 31 тамызға дейін жүреді. Тіркеу 2014 жылғы 11 қыркүйекке дейін, ал сайлау алдындағы үгіт 12 қыркүйекте басталып, 29 қыркүйектің 24.00 сағатқа дейін жүргізіледі. Дауыс беруді, дауыстарды санауды және қорытындыларды жариялауды облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссиялары бір күн ішінде - 1 қазанда жүргізеді. Сайлаудың соңғы қорытындыларын Ортсайлауком 2014 жылғы 7 қазаннан кешіктірмей анықтауы қажет», - дейді Қуандық Тұрғанқұлов.

ОСК төрағасының сөзіне қарағанда, Сенат депутаттығына кандидаттардың үгіт науқанын қаржыландыру екі жолмен жүзеге асады. Оның біріншісі - мемлекеттің республикалық бюджеттен берілетін кепілі. «Республикалық бюджеттен біз кандидаттың телеарнадан 15 минут, радиодан 10 минут сөз сөйлеуін, мерзімді баспасөзден екі мақаласының шығуын, таңдаушылармен кездесу үшін залды жалға алу ақысын және типографиялық-плакаттық өнімдерді шығаруды қамтамасыз етеміз, көлік шығындарын да көтереміз», - деді Қуандық Тұрғанқұлов. Оның айтуынша, бұл шамамен 300 мың теңгені құрайды және бұл үгіт жұмыстарын жүргізудің ең төменгі шығын деңгейін қамтиды. Бұл ретте ОСК төрағасы сайлаудың өңірлерде өтетінін айта келе, барлық үгіт жұмыстары аймақтарда жүзеге асатынын, сондықтан да, облыстық сайлау комиссиялары облыстық, өңірлік БАҚ-пен келісімшарттарға отыратынын атап өтті.

«Екінші қаржыландыру жолы - кандидаттың жеке сайлау қоры арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Сайлау қоры да екі көзден құралады, оның бірі кандидаттың жеке қаражаты болса, екіншісі заңды және жеке тұлғалардың қолдау қаражаттары. Бұл шамамен 14 млн. теңгені құрайды. Бұл қаражатты кандидат заңнама аясында өзінің үгіт жұмыстарын күшейту үшін жұмсай алады», - деп атап өтті Қ. Тұрғанқұлов. Тоқтала кететін жайт, Сенат депутаттарының сайлауын өткізуге республикалық бюджеттен барлығы 136 миллион теңге бөлінген.

Бұдан бөлек, жұртшылықты неғұрлым толық ақпараттандыру мақсатында Орталық сайлау комиссиясының тапсырысы бойынша алдағы сайлауға арналған ақпараттық бейне- және дыбысроликтер әзірленген. Сонымен қатар барлық облыс орталықтарында, Астана және Алматы қалаларында ақпараттық билбордтар орналастырылады. Сондай-ақ Қуандық Тұрғанқұлов сайлауды әзірлеу мен өткізу кезеңінде тұрақты жұмыс жасайтын Ортсайлауком баспасөз-орталығының ашылуы туралы хабардар етті.