Күзгі хандра: киімнің түсі көңіл күйге әсер ете ме

АСТАНА. KAZINFORM – Күзгі хандра мен депрессияны қалай ажыратуға болады? Күн қысқарғанда ағзаға қандай қолдау қажет және көңіл күйге күнделікті әдеттер мен киімнің түсі әсер ете ме? Kazinform тілшісі анықтады.

Фото: Kazinform/ ЖИ

Күзгі хандра ма, әлде депрессия ма?

Күз келгенде жарық азаяды. Күннің салқындауы, қозғалыстың азаюы мен күн тәртібінің өзгеруі адамның әдеттегі өмір ырғағына әсер етеді. Осы кезеңде ұйқышылдық, әлсіздік, енжарлық сияқты белгілер жиі байқалады. Алайда мұндай өзгерістердің бәрін бірден депрессияға балауға болмайды.

ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының психологы, педагогика және психология бойынша PhD докторы Мәншүк Құрманбекованың айтуынша, бұл жерде маусымдық көңілсіздік пен клиникалық депрессияны ажырата білу маңызды. 

– Күзгі хандра көбіне ағзаның маусым ауысуына бейімделуімен байланысты. Күн сәулесінің азаюы мен белсенділіктің төмендеуі шаршауға, ұйқышылдыққа әкелуі мүмкін. Бірақ мұндай жағдайда адам әдетте күнделікті тіршілігін жалғастыра алады.

Ал депрессия – күрделі психологиялық жағдай. Көңіл күйдің ұзақ уақыт төмен болуы, бұрын қуаныш сыйлаған нәрселерге қызығушылықтың жоғалуы, ұйқы мен тәбеттің өзгеруі, өзін кінәлау немесе дәрменсіздік – назар аударуды қажет ететін белгілер, – деді Мәншүк Құрманбекова.

Фото: Мәншүк Құрманбекованың жеке мұрағатынан

Сондықтан көңіл күйдегі өзгерістің қанша уақытқа созылғанына және күнделікті өмірге қаншалықты әсер ететініне назар аударған жөн. Қысқа уақыт демалып, ұйқы режимін реттегеннен кейін жағдай жақсарса, бұл уақытша шаршау болуы мүмкін. Ал көңіл күйдің төмендеуі ұзаққа созылып, қалыпты өмірге кедергі келтірсе, дереу маманға жүгінген дұрыс.

Қандай түсті киім кию керек?

Көңіл күйге күн тәртібі мен белсенділікпен қатар, адамның күнделікті ортасы да әсер етеді. Соның бірі – киім таңдауы. Күзде гардеробқа қосылған түстер адамның эмоциялық жағдайына белгілі бір деңгейде ықпал етуі мүмкін.

Психологияда қызыл түс энергиямен, сары – қуаныш пен оптимизммен, көк – тыныштықпен байланыстырылуы мүмкін. Ал сұр түс кей адамдарда мұң немесе тұйықтық сезімін тудырады. Сондықтан көңіл күйге қарай гардеробқа ашық реңктерді қосу күнделікті көңіл-күйді сергітудің қарапайым тәсілі бола алады.

Фото: magnific.com

Ол үшін киімді толық жаңартудың қажеті жоқ. Шарф, сөмке, бас киім немесе басқа да аксессуардың түсін өзгерту жеткілікті.

Маманның айтуынша, түстердің эмоцияға әсері әр адамда әртүрлі. Біреуге ашық реңк сергектік сыйласа, енді біреуге бейтарап түстер жайлы болуы мүмкін. Сондықтан түсті таңдауды депрессияны емдейтін әдіс ретінде емес, күнделікті ортаға жағымды реңк қосатын қосымша фактор ретінде қабылдаған дұрыс.

Дәруменнің қымбатын алу керек пе?

Күзде шаршау мен әлсіздікті сезінген адам оны дәрумен тапшылығымен байланыстырып, түрлі қоспаларды өздігінен қабылдауға асығуы мүмкін. Алайда мұндай белгілердің себебін тексермей тұрып препарат қабылдау дұрыс емес.

20 жылдық тәжірибесі бар эндокринолог Гүлжан Аманбайдың айтуынша, ағзаға қандай да бір заттың жетіспейтінін нақты анықтау үшін тиісті көрсеткіштерді тексеру қажет.

– Дәрумендерді бақылаусыз қабылдау қауіп төндіруі мүмкін. Әсіресе майда еритін A, D, E және K дәрумендері ағзада жиналуы мүмкін. Сондықтан «күз келді, дәрумен ішу керек» деген қағидамен препарат қабылдау дұрыс емес, – деді спикер.

Фото: Гүлжан Аманбайдың жеке мұрағатынан

Мысалы, D дәруменінің төмен деңгейі шаршау мен әлсіздікке себеп болуы мүмкін. Дегенмен мұндай белгілердің басқа да себептері бар. Сондықтан қажет болған жағдайда дәрігер тиісті талдауларды тағайындап, нәтижесіне қарай қандай препарат қажет екенін анықтайды.

Бұл ретте препараттың бағасы оның сапасын білдірмейді. Өнім таңдағанда құрамындағы белсенді заттарға, қауіпсіздігіне және өндіруші туралы ақпаратқа назар аударған жөн. Ал қоспаларды маманның кеңесінен кейін қабылдаған дұрыс.

Ағзаны қолдау тек препараттарға байланысты емес. Эндокринологтың пікірінше, күнделікті тамақтану мен өмір салтына да мән берген жөн.

– Көкөніс пен жеміс-жидек, ет, балық және сүт өнімдері рационда жеткілікті болғаны жөн. Ал күнделікті қозғалыс пен таза ауада серуендеу ағзаны қолдауға көмектеседі, – деді ол.

Еске салайық, биылдан бастап спортта бірқатар дәруменді қабылдауға тыйым салынды.