Күзге қарай инфляция бола ма
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлемені айқындау мәселесіне арналған кезекті баспасөз мәслихатында күзге қарай Қазақстанда инфляция болуы мүмкін дегенге саятын болжамдарға жауап берді.
- Ұлттық банк валюта бағамы бойынша болжамды ұсынбайды. Қаржы нарығы мен ақша-несие саясатын реттеуші болғандықтан ондай сандарды айта алмаймыз. Девальвацияның ықтималдығына келсек, өкінішке қарай, серпінді девальвациялар жинақталып келіп, бір күні валюта бағамын өзгертіп жібереді деген түсінік қалыптасқан. Әрине, олай болуы мүмкін емес. Өйткені инфляцияны еркін бағам ағысымен таргеттеп отырмыз. Біз бұған дейін де бағамның қалай қозғалғанын, бірақ серпінмен өсіп кеткенін көрген жоқпыз. Яғни, валютаның теңгеге шаққандағы бағамы сыртқы және ішкі факторлардың қысымымен артуы да мүмкін, әлсіреуі де мүмкін, - деді ол журналист сұрағына жауап бере отырып.
Тимур Сүлейменов елдегі девальвацияның ықтималдығына экспорт мүмкіндіктерінен бөлек импорттың көлемі де әсер ететінін еске салды.
- Әрине, біз үшін валюта бағамындағы негізгі фактор мұнай бағасы екенін айқын. Егер мұнай бағасы ұзақ уақыт бойы төмен күйінде тұрса, Қазақстанның экспорт мүмкіндіктеріне, төлем балансына, ішкі нарықтағы доллардың көлеміне, әсер етуі мүмкін. Оның бәрі теңгенің бағамына әсер етеді. Ал мұнай мен өзге де экспорт тауарларының бағасы бізге оңтайлы деңгейде қалса, сонымен бірге импорт көлемі азайса, жағдай әлдеқайда тұрақты болатыны түсінікті. Сондықтан әлемдік қаржы және энергетика нарығында не болатынын айта алатын бір де бір экономист жоқ деп ойлаймын. Өйткені белгісіздік көп, - деді Ұлттық банк төрағасы.
Сондай-ақ, ол Ұлттық банк пен Ұлттық экономика министрлігінің сарапшылары әлемдегі экономикалық бәсекенің салдарын есептеп жатқанын айтты.
- АҚШ-тан келетін ақпараттарды да есепке алып отырмыз. Ұлттық экономика министрлігіндегі әріптестеріміз бен біздің болжаушылар есептеп жатыр. Бүгін таңғы сағат 9.00-де Премьер-министр осы мәселе бойынша мәжіліс өткізді. Біз қандай да бір байбалам мен дүрбелеңге негіз болатындай үлкен себеп көріп отырған жоқпыз. Экономикалық өсім де, мемлекеттік қаржының көрсеткіштері болжамды шектердің деңгейінде қалып отыр. Ахуал Қазақстанға ғана байланысты емес, әлемдік қаржы және энергетика нарығындағы оқиғаларға да байланысты, - деді Тимур Сүлейменов.
Айта кетейік, бүгін Ұлттық банк базалық мөлшерлеме туралы жаңа шешім қабылдады.