Құжат алу үшін ХҚО-ға келген атыраулықтарға сыйлық үлестірілді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Бүгін Атырауда Халыққа қызмет көрсету орталықтарына келген азаматтар сыйлық алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ Атырау облысы бойынша филиалының басышысы Мұса Хайруллиевтің айтуынша, Халыққа қызмет көрсету орталықтарына дайын құжат алуға келгендерге мемлекеттік рәміз атрибуты бар жалауша мен тәттілер беру шешімі қабылданған.

«Биыл Мемлекет басшысының Жарлығымен Республика күні қайтадан аталып өтіледі. Осыған орай мерекелік акция өткізуді көздедік. Мақсатымыз – ел бірлігін нығайту, ұлттық мерекені қолдау, отандастарымыздың патриоттық сезімін ояту. Бүгін жеке куәлік пен төлқұжат, туу туралы куәлікті алуға келген азаматтарға тәуелсіз елдің жалаушасы мен «Қазақстан» шоколады берілді», - дейді Муса Хайруллиев.


Бүгін түске дейін 1 мыңнан астам тәтті үлестірілген. Акция бүгін кешке дейін жалғасады.

«Мереке күндеріне байланысты сенбіде Халыққа қызмет көрсету орталықтары әдеттегі жұмыс кестесі бойынша 18:00-ге дейін, ал кезекші ХҚО-лар 20:00-ге дейін жұмыс істейді. 24 қазан күні тек кезекші және мамандандырылған ХҚО-лар қызмет көрсетеді. Бұл күні қызмет алушылар сағат 9:00-ден 13:00-ге дейін қабылданады. Барлық орталықтар 26 қазаннан әдеттегі кесте бойынша жұмыс істеуге көшеді», - деп мәлім етті Муса Хайруллиев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау тұрғындары 25 қазанда қоғамдық көлікте тегін жүретінін жазған болатынбыз.