«2015 жылы «Қоғамдық кеңестер» туралы заң қабылданғаннан кейін Қоғамдық кеңестер өздерінің жұмыстарын бастаған болатын. Сол кезде біз де Алматы қаласындағы Қоғамдық кеңестің құрамына өтіп, іске кірістік. Нәтижелі тәп-тәуір жұмыстарды атқарып жатырмыз деп ойлаймын. Енді бүгін Мәжілісте өте өзекті мәселелер көтеріліп жатыр. Соның бірі - Қоғамдық кеңестің құзырын кеңейту. Яғни, қоғамдық кеңестің құзыры қазіргі уақытта - ұсыныс беру ғана болып отыр. Демек, қаланың дамуы немесе саланың өркендеуіне қатысты қоғамдық кеңес тек қана ұсыныс бере алады. Ал енді осы құзырды кеңейтетін болсақ, қоғамдық кеңес бүгінгі жасап жатқан жұмысынан да ауқымды істерді тындыратынына мен сенімдімін», - дейді Дәурен Бабамұратов.
Оның айтуынша, құзырды көбейту үшін қоғамдық кеңес бүгінгі заңның аясындағы қызметін нәтижелі түрде көрсете білуі керек.
«Яғни, Қоғамның жұмысы тек қана эпизодтық емес, тұрақты әрі жүйелі түрде жұмысының нәтижесін көрсетуі тиіс», - дейді ол.
Айта кетсек, бүгін Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің ұйымдастыруымен Қоғамдық кеңестердің І республикалық мәжілісі өткен болатын. Басқосуға 500-ден астам делегат қатысты. Оның ішінде Парламент депутаттары, республикалық және өңірлік қоғамдық кеңестердің төрағалары, орталық мемлекеттік органдардың, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және т.б. мемлекеттердің халықаралық ұйымдарының өкілдері бар.