Квазимемлекеттік компаниялардың жарғылық капиталына бюджет қаражатын жұмсауды тоқтату керек - Н. Сабильянов

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Квазимемлекеттік сектордағы компаниялардың жарғылық капиталын арттыруға бюджет қаражатын жұмсауды тоқтату керек. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында 2015 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебін талқылау барысында депутат Нұртай Сабильянов осы мәселесін көтерді.

Депутат сөз арасында «Самұрық-Қазына» Қорының басты мақсаты халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шараларды қамтамасыз ету болып табылатынын, алайда бұл бағыттағы жұмыс мардымсыз екенін алға тартты. «Қазір салық төлеушілердің қыруар қаражаты «Самұрық-Қазына» қорына жұмыс істеуде, ал Қор елдің әл ауқатын арттыратын шараға бармай отыр. Мәселен, осы уақытқа дейін «Самұрық-Қазына» қорының жарғылық капиталын арттыруға бюджеттен 5 триллион теңге аударылған. Ол қаражат жылына кем дегенде 200-300 млрд теңге дивиденд алып келу керек еді. Алайда, бюджетке ондай қаражат түскен емес», - дейді депутат Н. Сабильянов.

Оның айтуынша, жалпы ұлттық компаниялардың жарғылық капиталына бөлінген қаражат тиімсіз игеріледі. «Үкіметке ұсынысым бар: квазимемлекеттік сектор компаниларының жарғылық капиталына республикалық бюджеттен берілетін қаражатты тоқтату керек. Оларға тек жобалық-сметалық құжаттарына қарай мемлекеттік несие берілуі керек. Жарғылық капиталды арттыру деген сөз қаражатты тиімсіз пайдаланумен бірдей. Бюджет қаражатының жоғалуы да осыдан басталады», - деді депутат Сабильянов.