Квазимемлекеттік секторда жемқорлық субъектісіне жатқызылатын тұлғалар аясы кеңейді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жемқорлық субъектісі саналатын квазимемлекеттік сектордың лауазымды тұлғалар аясы кеңейтілді. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жемқорлық субъектісі саналатын квазимемлекеттік сектордың лауазымды тұлғалар аясы кеңейтілді. Ендігі уақытта квазимемлекеттік компаниялардың сатып алуларды ұйымдастыру және өткізу бойынша шешім қабылдауға өкілетті, мемлекеттік бюджет пен Ұлттық қордан қаржыландырылатын жобаларды іріктеу мен жүзеге асыруға жауапты, дербес құрылымдық бөлімшесінің басшысынан төмен емес лауазымды иеленетін қызметкері жемқорлық субъектісіне жатқызылады. Яғни, олар «Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңда көзделген жемқорлыққа қарсы шектеулерді өздеріне толық көлемде қабылдайды. Сонымен қатар жемқорлық құқық бұзушылық жасаған жағдайда жауапқа тартылады», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, бұған дейін мұндай норма квазимемлекеттік компаниялардың бірінші басшыларына ғана қолданылып келген. Ендігі уақытта оның аясы айтарлықтай кеңейіп отыр.

«Маңызды мемлекеттік жобаларда сатып алуларға және жүзеге асыруға жауапты құрылымдық бөлімшелер басшыларын жемқорлық субъектісіне жатқызу үлкен прогресс саналады», - деді Олжас Бектенов.