Квазимемлекеттік компаниялар қаржысын Парламент бақылауы керек – Еділ Жаңбыршин

Квазимемлекеттік сектордағы аталған компаниялардың қаражаты қайда жұмсалатынын тыңғылықты қадағалау керек. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: "ҚазАқпарат" ХАА

«Квазимемлекеттік сектор халықтың қазба байлығын игеріп, содан табыс алып отыр. Біріншіден, осы сектордағы компаниялардың табысы ашық болуы керек. Екіншіден, жаңа Бюджет кодексінде олардың қаржылық операциялары қамтылып, Парламентте солардың қаржы айналымын бақылауда ұстауымыз қажет. Яғни қаражат мәселесін олар өздері ғана шешпеуі тиіс», – деді Е. Жаңбыршин Мәжілісте жаңа Бюджет кодексінің жобасы таныстырылған отырыстан кейін.

Бұл тұрғыда депутат аталған компаниялар қаражатты қайда жұмсайтынын, салық мәселесін тыңғылықты қадағалау маңызды екенін айтты.

«Жалпы, Парламент арқылы мемлекеттің барша қаржысы өтуі керек. Сол кезде барлығы ашық әрі әділ болады», – деді Еділ Жаңбыршин.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл маусым айында Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев квазимемлекеттік сектор қаражатының игерілуі мәселесі жаңа Бюджет кодексінде қайта қаралатынын айтты.

Бүгін Е.Жаңбыршин, сондай-ақ құны қымбаттаған жобалар ауыртпалығын жергілікті бюджетке жүктей салу дұрыс еместігін атап өтті.