Бұл туралы бұйрыққа Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі 18 маусымда қол қойды.
— Осы Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің тиісті бюджетке аударымдардан немесе дивидендтер төленгеннен кейін қалған таза кіріс қаражатын пайдалануы туралы ақпарат беру қағидалары мен нысандары Бюджет кодексінің 56-бабы 4-тармағына және «Мемлекеттік статистика туралы» заңның 16-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес әзірленді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің тиісті бюджетке аударымдардан немесе дивидендтер төленгеннен кейін қалған таза кіріс қаражатын пайдалануы туралы ақпарат беру тәртібін айқындайды, — делінген құжатта.
Енді ұйымның атқарушы органы есеп беріп отырған жылдан кейінгі келесі жылдың 1 ақпанына дейін есепті дайындауы тиіс. Мысалы, 2025 жыл үшін берілетін есеп 2027 жылдың 1 ақпанына дейін әзір болуы керек. Аталған құжат ұйымның жылдық қаржылық есептілігі, мемлекеттік кәсіпорынның және мемлекет бақылауындағы акционерлік қоғамның немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің даму жоспарының орындалуы туралы есебі, сондай-ақ ұйымның басқару органдарының таза табысты бөлу тәртібі жөніндегі шешімдері негізінде жасалады.
Есеп ұйым дивидендтер төлеуден немесе тиісті бюджетке аударымдар жасаудан босатылған жағдайда да дайындалады.
Ұйым есеп беріліп отырған жылдан кейінгі келесі жылдың 5 ақпанынан кешіктірмей мемлекеттік акциялар пакетін (жарғылық капиталдағы қатысу үлесін) иелену және пайдалану құқықтарын жүзеге асыратын тиісті мемлекеттік органға, жергілікті атқарушы органға немесе аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппаратына дивидендтерді немесе тиісті бюджетке аударымдарды төлегеннен кейін қалған таза табыс қаражатының пайдаланылуы туралы ақпаратты тиісті бюджеттің атқарылуы жөніндегі жылдық есептің құрамына енгізу үшін ұсынады.
Есепке түсіндірме жазба қоса беріледі. Ол таза табыс қаражатын пайдаланудың әрбір бағыты бойынша ақпаратты қамтиды және есептің ажырамас бөлігі саналады.
Есепте дивидендтер төленгеннен немесе тиісті бюджетке аударымдар жасалғаннан кейін қалған таза табыстың нақты пайдаланылуы туралы ақпарат көрсетіледі.
Есеп пен түсіндірме жазбаға ұйымның атқарушы органының басшысы қол қояды.
Акционерлік қоғамның (ЖШС-ның) мемлекеттік акциялар пакетін (жарғылық капиталдағы қатысу үлесін) иелену және пайдалану құқықтарын жүзеге асыратын не мемлекеттік кәсіпорындарды басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар есепті жылдан кейінгі келесі жылдың 10 ақпанынан кешіктірмей ұйымдардың есептерін бюджетті атқару жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органға ұсынады.
Бұдан әрі ұйымдардың есептері республикалық немесе жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есептің құрамына енгізіледі.
Бұйрық 4 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
Айта кетейік, бұған дейін квазимемлекеттік сектордағы мемлекеттік сатып алу ережелеріне өзгеріс енгізілгенін жазғанбыз.