Тиісті бұйрыққа 2026 жылғы 8 мамырда қол қойылды. Құжатқа сәйкес, тендер өткізу кезінде электронды сатып алу жүйесінің операторы сатып алу қорытындысы шыққанға дейін жеткізушілердің баға ұсыныстарының құпиялығын қамтамасыз етеді.
Қорытынды хаттама жарияланғаннан кейін тендерге қатысушылар басқа әлеуетті жеткізушілердің өтінімдерін көре алады, алайда олардың баға ұсыныстары қолжетімсіз болады.
Сондай-ақ жеткізушілердің құқықтық қабілетін растауға қойылатын талаптар нақтыланды. Егер мемлекеттік цифрлық жүйелерде қажетті мәліметтер болмаса, жеткізуші тиісті рұқсаттың немесе хабарламаның көшірмесін ұсынуы тиіс.
Өзгерістер қаржылық тұрақтылық критерийлеріне де әсер етті. Енді әлеуетті жеткізуші соңғы үш жылдағы табысы 4100 АЕК-тен асса немесе сатып алу сомасының кемінде жартысын құраса, қаржылық тұрғыдан тұрақты деп есептеледі. Сонымен қатар төленген салық көлемі компания табысының кемінде үш пайызын құрауы қажет.
Ережелерге шарт жасасудан жалтарған, жалған ақпарат берген немесе міндеттемелерін тиісінше орындамаған жеткізушілерді жосықсыз сатып алу қатысушылары тізіліміне енгізу туралы норма да қосылды.
Өтінімдерді қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше назар аударылған. Енді жеткізушілер оны электронды әмияндағы қаражат немесе электронды форматтағы банк кепілдігі түрінде ұсына алады.
Электронды әмиян арқылы енгізілген қаражат жеңімпаз шартқа қол қоюдан бас тартқан немесе шартты орындауды қамтамасыз ету талаптарын орындамаған жағдайда бұғатталып, қайтарылмайды. Мұндай жағдайда қаражат тапсырыс берушінің кірісіне аударылады.
Жаңа ережеге сәйкес, баға ұсыныстары бірдей болған жағдайда тендер жеңімпазы ретінде қаржылық тұрақтылық көрсеткіші жоғары қатысушы танылады. Егер бұл көрсеткіштер де тең болса, өтінімді бірінші болып тапсырған жеткізушіге басымдық беріледі.
Бұйрық 2026 жылғы 12 шілдеден бастап күшіне енеді.
Бұған дейін Қарағанды облысында мемлекеттік сатып алу бойынша заң бұзған 12 лауазым иесі жазаланғаны белгілі болды.