Квазисектор мен мемлекеттік органдар атыраулық кәсіпкерлерге 1 млрд теңгеге жуық берешегін өтеді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 153 кәсіпкерке қарыз болғандардан 992 млн теңге берешек өтелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментің басшысы Ерұлан Серікқалиевтың мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері «Бизнеске жол» жобасы аясында 386 кәсіпкердің құқығы қорғалған.

«Бұл жоба Атырау облысының өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесе жүзеге асырылады. Аталған жоба кәсіпкерлерге құжаттарды ресімдеу кезінде әртүрлі әкімшілік кедергілерді сезінбеуге көмектеседі. Жобаны іске асыру басталғаннан бері 386 кәсіпкердің құқығы қорғалды. Оның ішінде мемлекеттік сатып алуға қатысты 152, мемлекеттік қызметтер мен бақылау бойынша 2 және табиғи монополияға байланысты 49 өтініш қаралды. Департаменттің ұсынысымен мемлекеттік сатып алу, кедендік және салықтық әкімшілендіру саласындағы квазимемлекеттік сектор мен мемлекеттік органның субъектілерінен 153 кәсіпкерге 992 млн теңге мөлшерінде берешек төленді», - деп хабарлады Ерұлан Серікқалиев.

Оның айтуынша, кәсіпкерлерден түскен өтініште мемлекеттік қолдау, салықтық әкімшілендіру, жүк тасымалдау, жер қатынасы мен кедендік әкімшілендіру мәселелері қамтылған.

«Шенеуніктер әртүрлі кедергіні өздері қолдан жасайды. Кәсіпкерлер мұндай кезде өзінің құқығын қорғай білуі керек. Дегенмен, біздің орталық кәсіпкерлерге көмектесуге әркез дайын», - деп мәлім етті Ерұлан Серікқалиев.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда кірістер басқармасы кәсіпкерден 42 млн теңгені заңсыз өндіріп алғанын хабарлаған болатынбыз.