КВИ-мен ауруханаға жатқызылған көкшетаулықтардың 99 пайызы вакцина алмаған

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Бүгінгі таңда Көкшетаудағы станционарлардағы төсек орын қорының жүктемесі 44 пайызды құрайды. Барлығы 139 адам ауруханаға жатқызылса, 21 науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл ретте науқастардың 99 пайызы вакцинацияланбаған.

Бұл туралы Көкшетау қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қанат Ысқақов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, 2021 жылдың 11 айында Көкшетау қаласында оба, тырысқақ, сібір жарасы, құтыру, туляремия, дифтерия, сіреспе, полиомиелит, эпидемиялық паротит, көкжөтел, қызылша және қызамық аурулары тіркелген жоқ.

«2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда жіті вирустық гепатиттермен сырқаттанушылықтың 13 есе, кене энцефалитімен - 2,5 есе, сальмонеллезбен – 1,3 есе, эхинококкозбен - 1,3 есе, қышымамен - 1,5 есе төмендегені байқалады», - дейді Қанат Ысқақов.

Пандемия басталғаннан бері Көкшетау қаласында COVID-19 зертханалық расталған 14 386 жағдай тіркелді. Желтоқсанның 12 күнінде 220 жағдай тіркелген, оның ішінде 25 жағдай оқушылар арасында. Соңғы тәулікте жұқтырғандар саны 10 адамды құрады, өлім жағдайлары жоқ.

«Бүгінгі таңда Көкшетау төсек орын қорының жүктемесі 44 пайызды құрайды. 139 адам ауруханаға жатқызылды, 21 науқас жансақтау бөлімінде жатыр, науқастардың 99 пайызы вакцинацияланбаған», - деп толықтырды Қ.Ысқақов.

Көпбейінді облыстық балалар ауруханасының 15 төсек орнының біреуі ғана жұмыс істейді. Инфекциялық аурулар орталығының 200 төсек орнының 119-ы (60 пайызы) толтырылған. Ал Ақмола облыстық фтизиопульмонология орталығының 60 төсек орнының 19-да ғана науқастар жатыр (32 пайыз) қамтылған.

«Ағымдағы жылдың қыркүйек айының басынан бастап 29 орта білім беру нысанында оқушылар арасында COVID-19 зертханалық расталған 360 жағдай анықталды. 12 желтоқсандағы жағдай бойынша 11 білім беру нысанында 16 бала карантинде жатыр», - деп түйіндеді Көкшетаудың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері.

Естеріңізге сала кетейік, Ақмола облысы ҚР-да коронавирустың таралу дәрежесі бойынша «сары» аймақта орналасқан.