Үш жыл бұрын «Астана» университетінің құрметті профессоры, продюсер Қыдырәлі Болманов пен Мәдениет қайраткері, әнші Қарақат Әбілдина дарынды балаларға арналған эксклюзивті мектеп-студиясының негізін қалаған болатын. Жас жеткіншектер бойына ұлттық өнер арқылы отансүйгіштік пен ұлттың салт-санасын, тарихын, дәстүрін құрметтеу сезімін сіңіруді мақсат тұтқан бұл мектеп, өзінің алғашқы түлектерін - дарынды 10 жастың ресми шығарылымын жасады. Осыған орай, Ұлттық баспасөз клубында баспасөз мәслихаты өтті.
Дәстүрлі музыкалық өнермен жас ұрпақтың сана-сезімін жетілдіру, кемелдендіру - ұлттық тәрбиенің бір көзі. Осы бағытта жұмыс жасап келе жатқан мектепте, әсіресе, жетіген, қыл-қобыз, домбыра секілді ұлттық аспаптарға ерекше ден қойылғандығын атап өткен Қарақат Әбілдина «Қарақат» мектеп-студиясының тұжырымдамасына тоқталды.
Оның айтуынша, балаларды жай оқытып қана қоймай, теориялық білім берумен қатар, оны тәжірибемен негіздеп, ұштастыра отырады. Соның жемісі - 50-ге жуық жас жеткіншек республикалық және халықаралық байқаулардан олжалы оралған. Олардың ішінде Италияда өткен байқаудан 1-жүлделі орынды, «Кинотаврик» спорты мен халықаралық балалар өнерінің фестивалінен бас жүлде алған жастар да бар. Жыл сайын Астана қаласында мектеп-студиясының оқушылары бірнеше концерттер ұйымдастырып отырады.
Сонымен қатар баспасөз-конференциясында отандық ойыншықтар шығаратын «Бал-бала» компаниясының жаңа өнімдері де таныстырылды. Ол ойыншықтардың арасында «Қарақат» қуыршағы, қауіпсіз және бала талғамына жауап бере алатын жұмсақ қонжық пен қабырғаға да өрмелеп шығып кете алатын, пультпен басқарылатын көліктер де бар. Қыдырәлі Болманов алдағы шығармашылық жоспарлары және «Бал-баланың» даму перспективалары жайында ойымен бөлісті.
Айта кетейік, осы жылдың 3 маусымында Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің концерт залында «Қарақат» мектеп-студиясы түлектерінің салтанатты концерті ұйымдастырылмақшы.
Мақала «Айқын» газетінің бүгінгі санында жарық көрді.