Қылқалам шебері Жеңіс Кәкенұлының жинағы жарық көрді

АСТАНА. 1 сәуір. ҚазАқпарат - Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан суретші Женіс Кәкенұлының «Ақ зер» кітабы жарық көрді.

Бұл жинаққа қазақтың бейнелеу әлемі, қазақ суретшілерінің шығармашылық болмысы туралы суретші Ж. Кәкенұлының жазған публицистикалық еңбектері енген.

Еңбектің басты ерекшелігі - жазушы-журналистерден бөлек, өнертанушылардың пайымына ұқсамайтын, таза суретшінің көзқарасымен жазылғандығында.

Қазақстанның тәуелсіздік жылдары суретшілердің шығармашылық еңбектері суретші көзімен безбенделіп, қағазға қазақ тілінде түскені жоққа тән екенін ескерсек, бұл еңбек - сол олқылықтың орнын толтыруға жасалған қадамның бірі.

Жинақ әлемге танымал реализм, импрессионизм, кубизм, гиперреализм өкілдеріне, портретші, маринист суретшілердің де шығармашылық жолына арналды.

Суретшінің бірнеше жылғы публицистикалық еңбектерінің жеке жинақ болып жарық көріп, оқырмандар қолына жетуіне «Фолиант» баспасы қолдау көрсетіп отыр.

Айта кету керек, суретші, Қазақстан Суретшілері одағының мүшесі Жеңіс Кәкенұлы1965 жылы Алматы облысында дүниеге келген. 1989 жылы, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің көркем-сурет графика факультетін бітірді. 1989-2005 жылдары республикалық "Ақ желкен", "Ай", "Зерде", "Тураби" журналдарында, "Мәдениет" газетінде суретші болып жұмыс істеді.

1988 жылдан бері еңбектері еліміздегі көрмелерге, сондай-ақ АҚШ, Германия, Түркия елдерінде көрмелерге қатысқан. Алматы, Астана қалаларында жеке көрмелер ұйымдастырды. Картиналары Мемлекеттік Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде, Қазіргі заман өнері музейінде, Президенттік мәдениет орталығында сақтаулы. Еліміздің және шет елдердің /Молдавия, Германия, Түркия/ жеке картина жинаушылар қорында да суреттері бар.

2000 жылғы «Мәдениетті қолдау жылы» белгісінің авторы. Қазақстан Республикасы мәдениет қайраткері. Президенттік стипендия иегері.

"Фолиант", "Елорда", "Аударма", "Сөздік", "Полиграфкомбинат" секілді баспа үйлерінде екі жүзге жуық кітаптың мұқабасын безендіріп, жарыққа шығарған.