Қылмыс жасап қамауда отырған азаматтарды өз еркімен босатқан тәртіп сақшысының өзі қамауға алынды

АСТАНА. Мамырдың 18-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Оңтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкері қылмыс жасағаны үшін күдікті ретінде қамауда отырған екі азаматпен ішімдік ішіп, артынан оларды босатып жіберген,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бас прокуратура таратқан мәліметтерге қарағанда, Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Мақтаарал аудандық Ішкі істер бөлімінің 2-ші полиция бөлімшесінің уақытша ұстау абақтысының қызметкері сержант Бәкір Жораев қызмет өкілеттігін асыра пайдалана отырып, абақтыда отырған Ержан Өтебаевпен және Өмірхан Бейсековпен бірге абақтыда спиртті ішімдік ішкен. Бұдан соң ішімдікке әбден масайған тәртіп сақшысы екі айыпталушыны олардың істері бойынша тергеу жұмыстарының аяқталмағандығына қарамастан абақтыдан босатып жіберген. Бұнысымен қоймай, ол өзі босатып жіберген азаматтардан 2 мың АҚШ долларын алып келуді талап еткен.

Қашқындардың бірі Ө.Бейсеков үйіне келгенде оны анасы қайтадан полиция бөлімшесіне алып келген. Ал Е.Өтебаев қамаудан босаған күйі қашып кеткен. Алайда осы оқиғадан соң бірден жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстарының барысында ол полиция қызметкерлерінің қолына түсті. Қашқынның үстінен қылмыстық іс қозғалып, қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.

Ал қамауда жатқан азаматтарды өз еркімен босатып жіберген полиция қызметкеріне қатысты оның аталған қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген күдікпен қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды.