Қылмысқа қарсы қаракет қайтсе нәтиже береді? - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қазанның 10-ы. ҚазАқпарат/ -  Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қазанның 10-ы,  сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Төраға елдің төрінде ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының күзгі мәжілісі басталды». Осы тақырыппен «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген мақала кеше Афиныда өткен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының күзгі мәжілісіне арналған. Қазақстан делегациясын Сенат Төрағасы, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы төрағасының орынбасары Қасым-Жомарт Тоқаев бастап барған. Басылымның жазуынша, Қ.Тоқаев Ассамблея төрағасымен жүздесіп, оны Франция Президенті Н.Саркозидің таяудағы сапарының қорытындылары туралы, атап айтқанда, алдағы жылдың соңында өткен ЕҚЫҰ саммитіне әзірлікке бірлескен күш-жігерді бағыттау туралы екі мемлекеттің басшылары қол жеткізген келісімдер туралы хабардар еткен. Аталған мақаланы толығымен ел газеті «Егемен Қазақстанның» сенбілік нөмірінен оқи аласыздар.

Осы отырысқа орай «Айқын» басылымы да «Афиныдағы айтулы жиын» деген тақырыппен мақала жариялаған.

«Кеше Молдова астанасы Кишинев қаласында тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кезекті отырысы болып өтті. Оған Қазақстан Республикасы Мемлекет басшысының атынан еліміздің Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов қатысты», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның жазуынша, ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің бұл жолғы отырысы оның қызметін одан әрі жетілдіруге, байланыстарды бекітіп, ортақ құндылықтарды қадірлеуге, жұмысын неғұрлым жүйелі жолға қоюға бағытталған жаңа бір кезекті қадам болған. Мақала «Достастықтағы тұрақтылық аралы» деген атаумен берілген.

Кишиневте ашылған ТМД саммиті жайында «Айқын» газетінде, сондай-ақ   «Литер» басылымында  да егжей-тегжейлі жазылған. 

Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасы Құқықтық саясат тұжырымдамасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған бағдарламасына орай еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетімен бірлесіп, қоғам мен мемлекеттік органдардың қауіпсіздікті сақтаудағы рөлін күшейту туралы дөңгелек үстел өткізген болатын. Оған облыстық құқық қорғау органдары мен жоғары оқу орындарының басшылары, қоғамдық ұйымдар өкілдері мен ардагерлер қатысқан еді. Осы алқалы отырыс барысында айтылған жайттармен басылымның сенбілік санында жарық көрген «Қылмысқа қарсы қаракет қайтсе нәтиже береді?» деген тақырыппен жарияланған мақаладан егжей-тегжейлі таныса аласыздар.

                                                                            ***

Қазанның 8-інде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласы әкімдігінің активімен кездесіп, елорданың қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайы, мұның алдында өткен жиында берілген тапсырмалардың орындалу барысы мен қаланың алдағы жоспары туралы мәселелерді талқылауға арналған кеңес өткізген болатын. «Астана ақшамы» басылымының сенбілік нөмірінде «Астананың нағыз елордалық ажары енді айшықталды» деген тақырыппен берілген мақала осы кеңеске арналған. Онда «Астана тұрғызу - барша халқымызға ортақ шаруа. Біз елорда салудың бірінші кезеңін тәмамдадық. Қала қалыптасып болды. Рас, қазіргі уақытта айтарлықтай қиыншылықтар бар. Бірақ бұдан қиын күнде де біз Астана тұрғыздық. Сондықтан бас қала құрылысында еш іркіліс орын алмауы тиіс», деген Елбасының сөзі келтірілген.

Осы шараға орай «Вечерняя Астана» газеті де көлемді мақала жариялаған.

«Түрік елімінің әлемге әйгілі тұлғасы Мұстафа Кемал Ататүрік астаналықтардың да құрметіне ие болды. Қазанның 8-і күні Тәшенов көшесі басталар тұстағы Есіл жағалаған саябақта Ататүрікке арналған ескерткіш салтанатты түрде ашылды. Тамырлас, түбі бір екі елдің ынтымақтастығын тереңдете түсетін бұл шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов қатысты», деп жазады «Астана ақшамы» басылымы.  Айтулы шараға арналған «Түрік тарихының толағай тұлғасы» атты  мақаланы толығымен басылымның сенбілік санынан оқи аласыздар.

***

Айқын» газетінің бүгінгі нөміріндегі «Ақ сөйле!» айдарының қонағы - ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы Ардақ Назаров. Сұхбат барысында А.Назаров «Мен тек Аллаға сыйынамын. Өйткені темір тордың ішіне енгенде немесе шаршы алаңға шыққанда Алладан басқа ешкімнен көмек күту мүмкін емес. Саған ата-анаң, достарың, тіпті қасыңдағы бапкерің де көмектесе алмайды. Сондай жағдайда Алланың қолдауы қажет. Және де өз күшіңе сенуге тиіссің», депті. «Алла қаласа, ағайынды Назаровтар қазақты талай қуантады» деген тақырыппен берілген сұхбатты толығымен басылымның 3-ші бетінен оқи аласыздар.

«Құлағымызға «қасиетті жазуы бар қызанақ көрдік» деген хабар жеткенде, іле-шала іздестіріп, дереу жеткен едік», деп жазады «Айқын» газеті. Табиғаттың тосын сыйы жайында басылымда жарияланған «Қызанақтан «Аллаһ» жазуы табылды» деген мақаладан оқи аласыздар.

***

«Деловая неделя» газетінде жарық көрген «Сапа және сан» атты мақалада БҰҰ даму бағдарламасының Адам дамуы туралы баяндамасында келтірілген мәліметтер бойынша қазақстандық өмір жоғары бағаланғанына талдау жасалған. Өткен жылғыға қарағанда ағымдағы баяндама Қазақстанды адам әлеуетінің дамуы жоғары деңгейлі елдердің қатарына жатқызған.

 «Қорқынышты судьяның бір күні». Осындай тақырыппен «Время» басылымында жарық көрген мақалада Қостанай әкімшілік сотының төрағасы Е.Панзабеков өзінің бұрынғы әйеліне шабуыл жасағаны туралы жазылған. Газеттің жазуынша, бұрынғы жұбайлар арасында мүлікке қатысты тартыс болған және судья оны оқ ату арқылы шешуге әрекет жасаған.