Қылмыскердің қолынан қаза тапқан полиция капитанының құрметіне жарыс өтті

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған қаласында «Арлан» арнайы бөлімшесінің полиция капитаны Ержан Ахметовтың құрметіне самбодан турнир өтті. Еске салайық, полиция капитаны 2013 жылдың маусымында қарулы қылмыскердің қолынан қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.



Облыстық «Арлан» арнайы бөлімшесі ұйымдастырған турнирге облыстық, қалалық, аудандық полиция бөлімшелерінің атынан 20 топ қатысты. Жалпы командалық есепте бірінші орынды АЖҚЖ-ның сарбаздарынан құрылған команда иеленді. Екінші және үшінші орынды Күзет қызметі басқармасының және Қылмыстық-атқару жүйесінің облыстық департаментінің өкілдері өзара бөлісті. Сайысқа қатысушыларға ерлікпен қаза болған «Айбын» орденінің иегері Ержан Ахметовтың суреті бейнеленген арнайы медальдар мен кубоктар тапсырылды.



Спорттық шараға құрметті қонақтар ретінде Е. Ахметовтың туыстары, сонымен қатар полиция қызметкері болып келетін оның әйелі және туған бауыры Сержан да қатысты.



«Бауырымды еске алып ұйымдастырылған турнир біздің отбасымыз үшін ерекше. Самбо сайысында жинақтаған тәжірибе кейінірек полиция қызметкерлеріне қызметтік борышын өтеуде қылмыскерлермен күресте көмек болар деп сенемін», - дейді Сержан Ахметов.
Айта кетейік, полиция қызметкерлерін дайындауда самбо спортына ерекше көңіл бөлінеді. Осыған байланысты турнирге қатысушылар өздерінің шеберліктерін жақсы қырынан көрсетті. Ең тартысты сайыс 74 келі және 90 келі салмақ дәрежесінде болды.