Қылмыскерлер ақша бопсалауды қояр емес - апталық брифинг

АСТАНА. Қыркүйектің 28-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Алматыда екі азамат қаладағы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінің директорының орынбасары мен оның отбасына қоқан лоққы жасап,

 2 мың АҚШ долларын бопсалаған. Бұнымен қоймай, қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оның «қамқоршысы» болуды ұсынған. Директордың орынбасары ол үшін баскесерлерге тұрақты ақша төлеп тұруы қажет болған. Бұл мәліметтермен бүгін апталық брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Сондай-ақ Тараз қаласында 19 жасар баланы атып өлтірген азамат Атырауда ұсталды. Ал Көкшетауда осы қаланың 21 жасар тұрғыны мен Ақмола облысының азаматы бірлесіп, денеге жарақат салатын «Байкал» тапаншасының көмегімен қалада 2 қарақшылық шабуыл жасап қолға түскен. «Ал қыркүйек айының 13-і күні Ақмола облысы арқылы өтетін тас жолда нөмірі жоқ жеңіл көлікке мінген белгісіз біреулер жолда кетіп бара жатқан «КамАЗ» автокөлігін тоқтатып, шолақ мылтықтан оқ атып жүргізушінің 300 мың теңгесін алып кеткен. Өткен аптада осы қылмысқа қатысты күдікті 34 пен  39 жас аралығындағы  4 азамат ұсталды. Олардың 3-уі - бұрын сотталғандар», деді департамент бастығы.