Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің академиясында отандық пенитенциарлық жүйені әрі қарай реформалауға арналған «дөңгелек үстел» отырысы өтеді

АСТАНА. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат /Ғалымжан Хасенов/ - Бүгін Қостанайда, Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің академиясында отандық пенитенциарлық жүйені әрі қарай реформалау проблемаларына арналған «дөңгелек үстел» отырысы өтеді,

деп хабарлады оқу орнының баспасөз қызметінен.

Баспасөз қызметінің өкілі Татьяна Брылевскаяның айтуынша, шара «алда құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі үлкен жұмыстар күтіп тұрғаны туралы» айтылған Елбасының Жолдауын жүзеге асыру аясында өткізіліп отыр.

Отырысқа сала қызметкерлері, академияның оқытушылары мен тыңдаушылары, «Нұр Отан» партиясы филиалының, облыстық Қоғамдық бақылау кеңесінің, ішкі саясат департаментінің өкілдері қатысады. Сондай-ақ, шараға бұқаралық ақпарат құралдары да шақырылып отыр.

«Дөңгелек үстел» отырысына қатысушылар қылмыстық-атқару жүйесін қайта құруды құқықтық реттеу мәселелерін қарайды, осы тақырып бойынша жүргізілген зерттеулердің нәтижелерін және жүйе үшін кадрлық әлеуеттер дайындау мәселелерін талқылайды.