Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің академиясында жазалаудың балама шараларына арналған халықаралық семинар өтеді
Бұл екікүндік семинарды құқықтық және сот жүйелерінде реформалар жүргізуде серіктес-мемлекеттерге қолдау көрсетумен айналысатын Германиялық Халықаралық құқықтық ынтымақтастық қорының мамандары өткізгелі отыр.
Шетелдік мамандар «жазаның балама түрлері», «сотталғандарға жұмыс беру», «бір адамға арналған камера - ортақ камераға балама» және тағы басқа мәселелер бойынша пенитенциарлық жүйе қызметкерлерімен тәжірибе бөліседі. Ал қазақстандық қатысушылар өз кезектерінде, талқыланып отырған жұмыс бағыттары бойынша отандық қылмыстық-атқару жүйесінің жұмыс тәжірибесі туралы әңгімелеп береді.
Шетелдік делегацияның мүшелері сондай-ақ, Қазақстандағы бас бостандықтан айырумен байланысы жоқ жаза түрлерінің атқарылу тәжірибесімен танысады.
Семинар жұмысына Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Астана қаласындағы, Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарындағы департаменттерінің қызметкерлері қатысады.