Қылмыстық атқару жүйесінде туберкулез бен иммундық тапшылық вирусы ауруларының деңгейін төмендетуге басты назар аудару қажет - Н.Назарбаев

АСТАНА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қылмыстық атқару жүйесінде туберкулез бен иммундық тапшылық вирусы ауруларының деңгейін төмендетуге басты назар аудару қажет.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

«Қылмыстық атқару жүйесінде туберкулез бен иммундық тапшылық вирусы ауруларының және соның әсерінен болатын өлім-жітім деңгейін төмендетуге тұрақты назар аудару қажет», - деді Мемлекет басшысы.

Бұл орайда Елбасы аталған міндеттерді орындау нәтижесінде 2015 жылға қарай қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 70 жасқа дейін, ал 2020 жылға қарай 72 жастан жоғарылайтынын баса айтты. «Біз жақсылап жұмыс істесек, халықтың өмір сүру жасын одан әрі ұлғайта аламыз деп ойлаймын», - деді Президент.

Н. Назарбаев өз Жолдауында 2015 жылға қарай 350 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункттер және емханалар салынатынын атап өтті.