Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтары прокуратура қызметінің басым бағыттарының бірі. Осыған қарай прокуратура қызметкерлері бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың құқықтарының сақталуы мен олардың қанау және өзге де заңда қарастырылмаған әдістерді қолдану мәселесіне баса көңіл бөліп отыр. «Қазақстанның аталмыш мәселе бойынша қол жеткізген жоғары жетістіктерін БҰҰ-ның Азаптау мен өзге де адамгершілікке жатпайтын әрекеттер жөніндегі арнайы баяндамашысы Манфред Новак та мойындады. Прокуратура бекіткен ережеде қылмыстық істі қарау барысында азаптау мен өзге де қатігездік әрекеттерінің алдын алуға бағытталған кешенді шаралар бар. Нақтырақ айтқанда, прокуратура қызметкерлері енді қылмыстық істі жүргізу барысында айыпкерге зорлық-зомбылық көрсетілуде деген қандай да бір ақпарат алған жағдайда, ол істің жүргізілу барысын бақылауға алады. Қажет жағдайда тіпті осы іс прокурордың қатысуымен ғана жүргізіледі», деді ресми өкіл.