Қылмыстық кодекс жобасы Мәжілісте екінші оқылымда талқыланады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжіліс спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен Палата Бюросы өтті. Онда алдағы уақытта өтетін Мәжілістің жалпы отырысында қаралатын мәселелер нақтыланды. Бұл туралы палатаның баспасөз қызметінен хабарланды.

Депутаттардың талқылауына Қылмыстық кодекс жобасы ілеспе түзетулерімен екінші оқылымға шығарылатын болды. Палатаның салалық комитетінің мәлімдеуінше, Кодекстің жаңа редакциясы Қазақстан Республикасының Президентінің тапсырмасымен 2012 жылы 6 қаңтарда 2010-2020 жылдарға құқықтық саясат Тұжырымдамасының ережелерін және де мемлекеттердің халықаралық міндеттемелерін іске асыру қажеттілігін ескере отырып жасалған. Бұл актінің іске асырылатын тұжырымдамалық бағыттары, бір жағынан, бірінші рет жасалған немесе әлеуметтік әлсіз тұлғалар жасаған қылмыстарға қатысты тағаттылық тәсілдерін кеңейтеді, екінші жағынан, ауыр қылмыстарға, қылмыстың қайталануына, ұйымдасқан қылмыскерлікке және сот төрелігіне кедергі жасауға ден қоюды қатаңдатады.

Бюро мүшелері сонымен бірге Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің Солтүстік Қазақстан облысында көшпелі отырысын өткізу туралы ұсыныстарын да қолдады.

Бұдан басқа, отырыста ағымдағы жылғы мамыр айында болатын «Экономика салалары үшін техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру жүйесінде кадрлар даярлаудың сапасы және перспективалары туралы» парламенттік тыңдаудың ұйымдастырылу мәселелерін де қарастырды.

Бюро барысында Мәжіліс Төрағасы Қ.Жақыпов салалық комитеттерге жалпы отырысқа шығарылатын заң жобасына әзірлікті жан-жақты жүргізуді тапсырды.