«Қылмыстық кодекс жобасында сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін жауапкершілік күшейтіліп отыр. Бұл толық ақталатын норма деп пайымдаймын. Өйткені, қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің өзектілігі еш күмән тудырмайды», - дейді депутат О. Жұмабеков.
Депутаттың пайымынша, жоба сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша бірқатар қылмыстық-құқықтық жаңалықтарды енгізіп, осы бағыттағы шараларды реттеу мен қолдануды нақтылайды. «Қылмыстық кодекс жобасында сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталғандар барлық мемлекеттік марапаттардан, арнаулы әскери немесе құрметті атақтардан, сыныптық шеннен, дипломатиялық рангтен, біліктілік сыныбынан айыру қарастырылады. Мемлекеттік қызметке және экономиканың мемлекеттік секторындағы қызметке өмір бойы тыйым салу көзделеді. Ондайларға шартты түрде сотталу, бітімгерлік пен кепілгерлік, ескеру мерзімінің аяқталуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату секілді жеңілдетілген ережелер қарастырылмайды. Бұны толық қолдаймын. Жемқорлыққа қарсы осындай қатаңдатылған сипаттағы жазалаулар әлеуметтік дертпен күрестің оң нәтижесін берері хақ», - деді О. Жұмабеков. Оның айтуынша, жобадағы «парақорлық» бабы да айрықша сипатқа ие. Бұған сәйкес, жазалау шарасы бостандығынан айырудан басқа пара сомасының еселенген айыппұлдарымен толықтырылған. «Мұндай шаралар жемқорлық қылмыстардың алдын алуға, әлеуметтік әділдікті қалыптастыруға ықпал етуге өз септігін тигізеді», - деді ол.