Қылмыстық кодекстің жобасы бірінші оқылымда мақұлданды - Мәжіліс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Жаңа редакциядағы Қылмыстық кодекстің жобасы жаңа қылмыстық-құқықтық институттар құру қажеттілігі, сонымен қатар, қалыптасқан қоғамдық қатынастардың өзгеруі, бұрын белгісіз болған қауіп-қатерлердің туындауы аясында жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің барабар қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында әзірленген. Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясын қабылдаудың ең басты оң нәтижесі ретінде қоғамдық қатынастарда бірқатар барынша тиімді әрекеттер қарастырылып отыр. Мәселен, кодекс жобасында ұсақ қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алуды күшейту арқылы ауыр қылмыстар деңгейін азайтылуы күтіледі. Экстремизм мен терроризм үшін жауаптылық қатаңдату ұсынылады, радикалды идеологиялардың таралуына ықпал ететін іс-әрекеттерге қылмыстық сипат беруге орай ұлттық келісім мен әлеуметтік тұрақтылықты қорғаудың неғұрлым жоғары деңгейі көзделеді. Ұйымдасқан және мамандандырылған қылмыскерлікпен, оның ішінде ақпараттық технологиялар мен медицина саласындағы қылмыспен күреске бағытталған жаңа нормалар енгізіледі.

«Жалпы алғанда кодекс жобасы заман сұранысына сай әзірленген. Онда тек заң қолдану тәжірибесінен жинақталған нормалар ғана емес, еліміз ратификациялаған халықаралық конвенциялар ережелері де кеңінен көрініс тауып отыр. Кодекстің ең басты жаңалығы - ол қылмыстық теріс қылық институты екенін айта кеткен жөн»,- дейді депутат Нұрлан Әбдіров.

Тұтастай алсақ, жобаны қабылдау адам құқықтары мен бостандықтарының, қоғам мен мемлекет мүдделерінің қоғамдық қауіпті қолсұғушылықтардан сапалық тұрғыдан қорғалу дәрежесінің жаңа деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.