Қылмыстық процесті одан әрі реформалауда ең маңыздысы идеяларды сапалы түрде жүзеге асыру - Нұрмахан Исаев

АЛМАТЫ. 3 маусым. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Заң жобаларын әзірлеу "тыныш кабинеттерде" өтпеуі тиіс. Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан «Қылмыстық іс жүргізуді одан әрі реформалау мәселелері жөніндегі ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстел жиынында айтылды.

«Ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап қолданыстағы қылмыстық процестегі проблемаларды қарастырып, оны тиімді етудің жолдарын талқылаудамыз. Біз көтеріп отырған мәселелер ұлттық қылмыстық іс жүргізу құқығы саласының дамуында маңыздылығы зор екендігіне кәміл сенімдіміз", -дейді ҚР Бас Прокуратурасының Тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау департаментінің бастығы Нұрмахан Исаев.

Үшінші дәрежелі әділет кеңесшісінің айтуынша, олардың бірқатар ұсыныстары бар. Ол ұсыныстар мыналар: қылмыстық процестен "тергеуге дейінгі тексеру", "қылмыстық істі қозғау" ұғымдары, сотқа дейінгі тергеу барсында айып тағу сатысының алынып тасталуы қажет; Сотқа дейінгі өндірістің өзін түбегейлі өзгерту керек. "Тергеуші", "анықтаушы", "тергеу бөлімінің бастығы", "анықтау бөлімінің бастығы", "тергеу органы", "анықтау органы" ұғымдарының орнына тек "тергеуші" ұғымы қолданылып, "тергеу органы" және "тергеу органының бастығы" терминдерін енгізу қажет; Істі қосымша тергеуге қайтару институтын алып тастау, куәгерлердің қатысумыен жүргізілетін тергеу әрекеттерін қысқарту, ынтымақтастық туралы процессуалдық келісім институтын енгізу керек.

Ғалым-құқықтанушыларды, заңгер-тәжірибешілерді бұл ұсныстарды талқылауға белсенді қатысуға шақырған Нұрмахан Молдалыұлының пайымдауынша, заң жобаларын дайындау "тыныш кабинеттерде" өтпеуі тиіс. Онда автор мен бастамашысының кім екендігі емес, ең маңыздысы күш біріктіру арқылы осы идеяларды сапалы түрде жүзеге асыру. Бұл қылмыстық іс жүргізуді түбегейлі реформалауға мүмкіндік береді. Ол үшін қалыптасқан стереотиптерді бұзу қажет.