Бүгін Астанада қазіргі әлемдегі лаңкестік мәселелеріне арналған «дөңгелек үстел» отырысында Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығының басқарма бастығы, запастағы полковник Рафик Таиров осылай айтты.
Оның мәлімдеуінше, Орталық Азияның бүгінгі геосаяси жағдайы қиын әрі қарама-қайшылықтарға толы. Сарапшылардың басым бөлігі өңірдегі саяси ахуалды «тұрақсыз» деп бағалап отыр. Оған сан алуан лаңкестік және басқа да қылмыстық топтардың әрекеті себеп. Ал экономикалық көрсеткіштің төмендігі және жұмыссыздықтың артуы «жығылғанның үстіне жұдырық» болуда. «Әрине, Ауғанстан әлі күнге дейін Орталық Азияның қауіпсіздігіне айтарлықтай қауіп төндіріп келеді. Ол жерде өткен лаңкестікке қарсы іс-шаралардың нәтижесінде біраз қылмыскерлер басқа жаққа жер аударып кетті. Қазіргі кезде олар Пәкістан, Тәжікстан, Өзбекстан және Парсы шығанағы елдерінде бас сауғалап жүр. Дегенмен, Ауғанстан әлі күнге дейін халықаралық лаңкестік пен есірткі трафигінің трансұлттық аймағы болып қалуда. Себебі әлемдегі есірткі көлемінің 90 пайызы ауған жерінде өндіріледі. Оның 30 пайызға жуығы Орталық Азия арқылы Еуропаға жеткізіледі. Оған қоса, заңсыз қару-жарақ айналымы да осы Ауған елінен бастау алып жатыр», - дейді Р.Таиров. Ал шекара аймағында орын алып жатқан қарама-қайшылықтар аймақтағы геосаяси тұрақсыздықты күшейтуде. «Мәселен, Солтүстік Қытай, Өзбекстан мен Қырғызстан шекарасында: Жалалабад пен Ош облыстары, сондай-ақ Ферғана даласында. Бұдан басқа, Өзбекстан-Тәжікстан, Өзбекстан-Түрікменстан, Қырғызстан-Тәжікстан шекараларында ұлтаралық келісім мәселесі өзекті болып тұр. Міне, осыны сан алуан қылмыстық ұйымдар өз пайдасына қолданып кетуі әбден мүмкін», - деп атап көрсетті Р.Таиров.