14:32, 01 Сәуір 2009
Қылмыстық топтарға қолдау жасап жүрген азаматтардың ішінде лауазымды тұлғалар да болуы мүмкін ? Криминалды полиция комитетінің бастығы
АСТАНА. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Қылмыстық топтарға қолдау жасап жүрген азаматтардың ішінде лауазымды тұлғалар да болуы әбден мүмкін.
Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихаты барысында Криминалды полиция комитетінің бастығы Сұлтан Күсетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Комитет төрағасының айтуына қарағанда, Жамбыл облысында қымбат маркалы автомашиналарды ұрлаумен айналысқан екі қылмыстық топ құрықталды. Олардан наурыздың 3-і күні Алматы қаласында ұрланған «Лексус LX 470» джип автомашинасы, автомашиналарды ашуға арналған сканері бар ноутбук, пневматикалық тапанша, пышақ, көлікті басқару туралы 5 сенімхат, азаматтардың жеке басын куәландыратын 13 куәлік тәркіленді. «Қазіргі уақытта ұсталғандардың басқа автомашиналарды айдап әкету және ұрлауға қатыстылығын анықтау жөнінде шаралар жүргізілуде. Әрине, олардың материалдық-техникалық жағдайын қамтамасыз еткен азаматтар бар. Олардың ішінде лауазымды тұлғалар да болуы әбден мүмкін», - дейді С.Күсетов.