Қылмыстық топты басқарған ерлі-зайыпты Храпуновтарға халықаралық іздеу жарияланды - Қаржы полициясы

АСТАНА. 1 қазан. ҚазАқпарат - ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Алматы қаласының бұрынғы әкімі В.Храпуновқа,

оның жұбайы Л.Храпуноваға және өзге тұлғаларға қатысты бюджет қаражатын ұрлау, лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану, пара алу және заңсыз жолмен алынған қаражатты немесе өзге де мүлікті заңдастыру фактілері бойынша қылмыстық істерді тергеуде.  Бұл туралы Қаржы полициясының  баспасөз қызметінен мәлім етті.

Оған қоса тергеумен 1997 мен 2007 жылдар аралығында Храпунов Алматы қаласының және Шығыс-Қазақстан облысының әкімі болған кезде өзінің жұбайы Храпуновамен бірге қозғалмайтын мүлік объектілерін мемлекеттік меншіктен заңсыз алып, оны заңдастыру, сату және алынған ақшалай қаражатты Қазақстан Республикасынан тысқары шығарумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оның қызметін басқарғандығы анықталды.

Негізінен қылмыстық топ мемлекет меншігінен қызыл сызыққа енгізілген және жалпы пайдалануға арналған, суқорғау және табиғат қорғау аймақтары мен қорықтарда орналасқан, оған қоса тарихи-мәдени мұра болып табылатын объектілер мен жерлерді заңсыз алып отырған. 

Қылмыстық жолмен табылған мүлікті сатудан алынған ақшалай қаражат Храпуновтар отбасына сенімді адамдардың есеп-шоттары арқылы Швейцария Конфедерациясына және өзге шет елдерге шығарылып отырған.

Бүгінгі күні Виктор Храпунов пен Лейла Храпуноваға қатысты сотпен оларды қамауға алу туралы бұлтартпау шарасы санкцияланды.

Олар халықаралық іздеуге жарияланды.

Тергеу нәтижелері жұртшылыққа жеткізілетін болады.