Қылмыстық заңдарды ізгілендіру саясаты Қылмыстық істер жүргізу кодексінің ең бір дұрыс үлгісін жасамай іске асуы мүмкін емес - Қ. Мәми

АЛМАТЫ. 18 наурыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - "Біз ҚР Қылмыстық істер кодексінің ең бір үйлесімді үлгісін іздестіру үстіндеміз".

Бұл туралы ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәми бүгін Алматыда өтіп жатқан "Адам құқығын қорғауды қылмыстық-процессуалдық салада қамтамасыз етудегі кепілдіктер" деп аталатын дөңгелек үстел мәжілісінде айтты.

"Қылмыстық заңдарды ізгілендіру саясаты Қылмыстық істер жүргізу кодексінің ең бір дұрыс моделін жасамай іске асуы мүмкін емес. ҚР Бас Прокуратурасы тарапынан бүгінгі конференцияда қылмыстық істер жүргізудің алдыңғы кезеңдерін барынша ізгілендіру мәселесін көтерейік деп отырмыз. Бүгінгі таңда барлық батыс елдерінде кез-келген азамат құқық қорғау органдарына арыз жазғаннан бастап қылмыстық іс жүргізіледі", - дейді Қайрат Әбдіразақұлы.

Бас прокурордың айтуынша, Қазақстанда арыз қабылданғанан кейін бір айға дейін онда қылмыстық белгісі бар-жоқтығы тексеріледі. Тек содан кейін барып қана қылмыстық іздестіру жұмысы басталады. Тексеру жұмысы кейде 2 айға дейін созылып кететін жағдайлар да болады. Қ. Мәмидің сөзіне қарағанда, осы уақыттың ішінде азаматтардың құқықтары бұзылып, кейбір қылмысты анықтау мүмкін болмай қалады. Сондықтан осы кезеңнен біз барынша бас тартуымыз керек.