14:10, 25 Сәуір 2009
Қылмыстық жазалауды орындау жүйесіне қатысты заң жобасы бірінші оқылымда талқыға салуға дайын
АСТАНА. Сәуірдің 25-і. ҚазАқпарат/Айдын Бәймен/ - Заң жобасын қабылдау қылмыстық-атқару жүйесі органдары мен мекемелері қызметінің тиімділігін арттырады.
Осындай анықтама берілген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жазалауды орындау жүйесін және қылмыстық-атқару жүйесін одан әрі жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына қорытынды шығарылды. Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті аталған заң жобасының тұжырымдамасын қолдайтындығын мәлімдеп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Заң жобасы халықаралық актілер ережелерін ескере отырып жазаны өтеу тәртібі мен жағдайларын одан әрі жетілдіруге, сотталғандарға қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларының тиімділігін арттыруға, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері персоналының құқықтық және әлеуметтік қорғалуын арттыруға бағытталған.Қылмыстық-атқару кодексінің бірқатар ережелері қолданыстағы заңнамалық актілерге сәйкес келтірілді.Бұл заң жобасы Мәжілістің жалпы отырысында бірінші оқылымда талқыға салуға ұсынылып отыр.