Қылмыстың алдын алуға жақсы көңіл бөлсек келеңсіз жағдайлар болмайды-Ө. Қопабаев

АЛМАТЫ. 18 наурыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қылмыстың алдын алу мәселелеріне жақсы көңіл бөліп, ғалымдардың ұсыныс-тілегіне құлақ түретін болсақ келеңсіз жағдайлар болмайды.

Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан "Адам құқығын қорғауды қылмыстық-процессуалдық салада қамтамасыз етудегі кепілдіктер" деп аталатын дөңгелек үстел мәжілісінде айтылды.

"Қазір бізде қылмыстық жазаларды азайтып, әкімшілік жазаға көшіру және кейбір әкімшілік жазаларды қылмыстық жазаға ауыстыру мәселесі талқыланып жатыр. Соған байланысты көп заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде. Бірақ солардың кейбіреуі шын мәнінде дұрыс жасалмай жатыр. Осыған орай бүгін құқық қорғау органдарының басшылары, ғалымдар жиналып сол мәселені талқылайын деп отыр", - дейді Қазақстан криминалистері қауымдастығының президенті Өмірәлі Қопабаев.

ҚР Президенті жанындағы құқықтық саясат кеңесі мүшесінің айтуынша, бізде бас бостандығынан айыру жазалары көбейіп кетті. Қазір оларды айып төлеуге және әкімшілік құқықтық жазаларға ауыстыру мәселесі қаралуда. Әйтсе де кейбір жағдайда келеңсіз жәйттер орны алуда. Мысалы, тұтынушыларды алдау туралы мәселені қылмыстық жазадан әкімшілік жазаға ауыстыру жайы сөз болуда.

ҚР Жоғары мектеп академиясының академигі Өмірәлі Қажыбайұлының пайымдауынша, бұл дұрыс емес. Экономикалық қылмыс жасаған адамдарды бас бостандығынан айырмай айып төлетіп, қара жұмысқа және басқа да жазаларды қолдану мәселесі жан-жақты талқылануы керек.

"Қазір біздің басты мәселеміз - қолданыстағы заңдардың тұрақтылығын қалыптастыру болып отыр. Өйткені Парламентте күнде өзгерістер мен толықтырулар жасалып жатыр. Оны ақылдасып түбегейлі шешу керек деп ойлаймын. Қылмыстың алдын алу мәселелеріне жақсы көңіл бөліп, ғалымдардың ұсыныс-тілегіне құлақ түретін болсақ келеңсіз жағдайлар болмайды. Бас бостандығынан айыру көбейіп, түрме толып кетті деп айтуға негіз болмайды. Қазір бізде қылмыстың алдын алуды зерттейтін институт жоқ. Сондықтан Ішкі істер министрлігі жанынан арнайы ғылыми-зерттеу институтын құру керек",- дейді Д. Қонаев атьндағы университеттің ректоры, заң ғылымының докторы Ө. Қопаев.