Кеңестік кезеңнен бері келе жатқан қылмысты жасырып қалу дәстүріне тосқауыл қойылып отырғандығына тоқталған төраға, «бұл бүгінгі күннің талабына сай, мүлдем жаңа көзқарас. Осы мәселеге осылайша жаңаша келіп, жұртшылықтан түскен барлық арыз-шағымдарды тіркеудің ашықтығын қамтамасыз етіп, мемлекетіміздің тарихында алғаш рет еліміздегі қылмыс деңгейін шынайы көрсетуге қол жеткізіп отырмыз»,-деді. Бұл тұрғыда әсіресе жүйеге жаппай енгізілген қылмысты электронды түрде тіркеу әдісі кеңінен қолданылып отыр.
«2011 жылы тіркелген қылмыстар саны 57 пайызға, ал ауыр және аса ауыр қылмыс түрлері 30 және сәйкесінше 19 пайызға артты. Бұлар нақты көрсеткіштер деп есептейміз. Өйткені олар бұрын дәстүрлі түрде жасырылып келген. Мәселен, осындай қылмыстардың қатарында ұрлық 102, 7 пайызға, тонау 68 пайызға, бұзақылық 56 пайызға өскен»,-деді М. Ахметжанов.
Тіркелген қылмыстар санының көп деңгейі Астанада (237 пайыз), Қызылорда облысына (100 пайыз), Қостанай облысында (84 пайыз) байқалды. «Бүгінде қылмыстардың шынайы көрткеткішіне қол жеткіздік деп сеніп айтуға болады. Үстіміздегі қаңтар айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырған кезде, тіркелген қылмыстардың деңгейі 114 пайызға өсті. Бұл дегеніміз былтырғы қаңтарда 9 мың қылмыс тіркелген болса, биылдың бірінші айында 19 мыңнан астам қылмыс белгілі болды»,-деді төраға. Соның ішінде ауыр қылмыстар 75 пайызға, ал аса ауыр қылмыс 21 пайызға артты.
Сонымен қатар, ұрлық бойынша 168 пайызға, тонау-139 пайызға, қарақшылық - 56 пайызға, адам денсаулығына ауыр зардап келтіру -16 пайызға, алаяқтық - 150 пайызға өсті.
«Бұл шын мәнінде қылмыстарды тіркеуге неғұрлым шынайы келудің нәтижесі болып табылады»,-деді М. Ахметжанов. Осы қылмыстар туралы хабарламаларды қабылдау, есепке алу мен тіркеу сатысында инновациялық технологиялардың енгізілуі тиісті нәтиже беріп отыр.
«Жалпы еліміздегі қылмыстық ахуал ушыққан жоқ»,-деп түйіндеді комитет басшысы.