«Қымыз кәмпитке айналды»-республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 14 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 14 сәуір, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына арна­ған биылғы Жолдауында «Ауыл тұрғындары үшін медицина­лық көмектің қолжетімділігін кеңейтуге айрықша назар аудару қажет» деп атап көрсеткен-ді. Міне осы міндет орындалып, Ақтөбе облысының ауыл жұртшылығына жедел көмек көрсететін алғашқы жылжымалы ме­дициналық кешенге қол жеткізілді. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы «Жылжымалы медициналық кешен жолға шықты» деген мақалада баяндалған. «Шымкент қаласындағы «Қаз­медқұрал» ЖШС шығар­ған бұл кешенге респуб­ли­ка­лық бюджеттен 86 млн. теңге жұмсалды. Мұндағы хирур­гия­лық, гинеколо­гиялық, рентген, тіс аурулары, кардиологиялық, УЗИ, жалпы қабылдау бөлме­ле­рі мен зертхана осы заман­ғы медициналық қон­дырғы­лар­мен жарақтан­ды­рыл­ған», - деп жазады басылым.

«Кеше кешкілік ел өңірлерінде жұмыс бабымен болып қайтқаннан кейін Премьер-Министр Кәрім Мәсімов табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою үшін 2011 жылға республикалық бюджетте қаралған Үкімет резервінен Батыс Қазақстан облысына қаржы бөлу туралы қаулыға қол қойды», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның атап өтуінше, қаулыға сәйкес 870 000 000 миллион теңге Төтенше жағдайлар министрлігіне Батыс Қазақстан облысы әкімдігімен бірлесіп, 2011 жылдың көктемгі су тасқы­нының төтенше жағдайларын жою­ға байланысты халықтың өмір сүруін қамтамасыз ететін нысандарда жөндеу-қалпына келтіру жұмыс­тарын жүргізу үшін бөлінді.

***

Еуропадан ерекше хабар жетті. Бельгиялық белгілі кондитер Давид Маенхаут қазақтың ұлттық сусыны - қымыздан шоколад жасап шығарыпты. Мұндай кәмпиттер жылқы бейнесінде безендірілген екен. Айрықша дәмді шоколадқа сұраныстың жоғарылығы соншалық, Давид тапсырыстарын орындап үлгермей жатқан көрінеді. «Айқын» газетінің бейсенбілік нөмірінде «Қымыз кәмпитке айналды» деген тақырыппен берілген мақаланың сүйінші хабары осы.

Қазақ үкіметінің қатарын толықтырып, «Елбасымыздың қолын ұзартып жүрген тұлғаларымыз кімдер?» деген сауал екінің бірін қызықтырады. Себебі сол тұлғалар, олардың ел экономикасын дамытудағы сіңіріп жүрген еңбегі мен ізденістері кейінгі толқын - жастар үшін бағдаршамға айналары сөзсіз. Осыған орай «Айқын» басылымында «Қазіргі Үкімет құрамы қандай?» деген мақала жарияланды. «Ең қызықты жайт - қазіргі Үкімет мүшелерінің орта жасы 49 жас. 1990 жылдары бұл көрсеткіш 53 жасты құраған еді. Яғни қазақ үкіметі 20 жылдың ішінде 4 жасқа жасарған. Аймақ әкімдерінің жас­тары да сол көрсеткішті маңай­лай­ды. Сенаттың орта жасы - 63, Мәжілістің орта жасы - 58», - деп жазады басылым.

«Кеше Мәжілістің жалпы отырысы Минскідегі лаңкестік жарылыстан қаза болғандарды еске алудан басталды. Сосын күн тәртібіндегі заң жобаларын талқылауға кіріспес бұрын, мәжілісмендер күні кеше ғана жаңадан жасақталған атқарушы биліктің әр саласына бағыттап 20-дан астам үшбу хаттарын жолдады», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Басылымның атап өтуінше, «Астапыралла» дегізген сауалды депутат Бағила Баймағамбетова қайта тағайындалған Премьердің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешовтің атына жолдапты. Сауалға негіз болған жайтқа және Парламент қабырғасында көтерілген басқа да мәселелерге қаныққыңыз келсе, «Жетім балалар туралы заң неге жоқ?» деген мақала назарыңыздан тыс қалмасын.

Осы басылымның жазуынша, қардың мол түсуі, бірнеше күн қатарынан жаңбырдың жаууы және күннің күрт жылынуы Батыс Қазақстан обысында төтенше жағдайдың орын алуына әкеп соққан. Тоң әлі жібімегендіктен, еріген қар суы мен өзен-көлдердің арнасынан асқан тасқын қызыл су жерге сіңбей, сай-саланы сағалап, жыра-жылғаны жағалап, Орал қаласы мен Тасқала, Теректі, Бөрлі, Шыңғырлау, Зеленов, Қаратөбе аудандарына қарасты көптеген елді мекендерге қауіп төндіруде. Мақала «Оралдың жағдайы оңалмай тұр» деген тақырыппен берілген.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қа­сым-Жомарт Тоқаев жұмыс бабындағы сапармен Нью-Йоркте болып, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен, Бас хатшының бірінші орынбасары Аша-Роуз Мигиромен, Бас хатшының Бас Ассамблея істері және конфе­рен­циялық бас­қару жөніндегі орын­ба­сары Мұ­хам­мад Шаабанмен және ұйымның басқа да лауазымды тұлғалармен, жауапты қыз­меткерлерімен кездесті. Кездесулер барысында БҰҰ-ның Женева бөлімінің қызметі және оның дүниежүзілік ұйым­ның штаб-пәтерімен өзара іс-қимылы мәселелері талқыланды