Қыранды қолға үйрету үшін төзімділік пен қайсарлық қажет – құсбегі
Қазақтың асыл дәстүрін, мәдениетін дамытуда бұл өнердің маңызы зор. Бүркітші Жеңісхан Бақболатұлының әкесі де аңшылықпен айналысып, қақпан құрып, тазы жүгірткен. Ата кәсіпті жанына серік еткен Жеңісхан алдағы уақытта құсбегілік өнерді жастарға үйретуді мақсат етіп отыр.
«Сонау бағзы заманнан келе жатқан құсбегілік өнерді, дәріптеп жүргенімізге де бірнеше уақыт болды. Кең дархан далада қандауыз қақпан құрып, бүркіт ұшырып, алған аңның терісін илеймін. Бала кезімде әкем қасқыр, түлкі секілді аңды аулап, терісін илеп, үйретіп отыратын. Қазақ халқының тектілігін, жігіттерінің серілігі мен жүректілігін танытатын бұл өнер аса білгірлік пен мықтылықты талап етеді. Қыранды қолға үйрету үшін төзімділік пен қайсарлық қажет. Жаратылысынан жабайы, жыртқыш болып жаралған қыранқұсты шошытып, үркітіп алмай байланысу да аса маңызға ие» - дейді Жеңісхан Бақболатұлы.