Қырғыз азаматы Геннадий Павлюкті өлтіргендер анықталды
19:35, 28 Желтоқсан 2009
АСТАНА. Желтоқсанның 28-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Ағымдағы жылы желтоқсанның 16-сында Алматыда үйдің 6-шы қабатынан құлаған қырғыз азаматы Геннадий Павлюк есін жинамастан бірнеше күннен кейін ауруханада қайтыс болған еді. Осыған орай Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі жедел-тергеу іс-шараларын жүргізіп, соның нәтижесінде осы қылмысқа қатысы бар бірнеше қырғыз азаматтарын анықтады.
Бұл туралы бүгін БАҚ өкілдерімен брифинг өткізген ҚР ІІМ Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлімдеді.
«2002 жылы ТМД елдерінің мемлекет басшылары қол қойған және Достастыққа мүше бірқатар мемлекеттер, оның ішінде Қазақстан мен Қырғызстан ратификациялаған Құқықтық көмек және құқықтық қарым-қатынастар туралы Кишинев конвенциясына сәйкес қозғалған қылмыстық іс шеңберінде тиісті тергеу шаралары жүргізілуде», деді Қ.Жұманов.
Оның айтуынша, қылмыстық қудалауды одан әрі жүзеге асыру және сот әділдігін қамтамасыз ету мақсатында жиналған материалдар мен дәлелдерді қырғыз елінің құзіретті органдарына беру мәселесі шешілуде.