Қырғыз азаматы шекарадан заңсыз ақша өткізбек болған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ-қырғыз шекарасында жарияланбаған валютаны өткізбекші болғандардың жолы кесілді. Бұл туралы ҚР ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз қызметінен хабарлады.

«Кордай» шекаралық бақылау бөлімінің бақылаушылары кеден қызметкерлерімен бірлесе отырып Қазақстаннан «Тойота Эстима» автомашинасымен өтпекші болған 42 жастағы Қырғыз Республикасының азаматын ұстады.

Көлігін тексеру кезінде одан жарияланбаған 19 400 АҚШ доллары, 112 600 теңге, 3 140 қырғыз сомы табылды.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тексеру өткізілуде», - деп жазылған хабарламада.