***
«Айқын» басылымы апталық санында Қырғызстанда өткен сайлау барысына сараптама жүргізді. Басылымның жазуынша, сайлауда жеңіп шыққан Алмазбек Атамбаев 31 желтоқсан күні мемлекет тізгінін қолына алады. Алайда оның қарсыластары Қамшыбек Ташиев пен Адахан Мадумаров сайлау қорытындысына риза емес. Ташиев тіпті кейбір деректер бойынша, Ош пен Жалалабадты жалғастыратын күре жолды жауып тастап, орталық алаңда шерулетіп жатыр. Ал Алмазбек Атамбаев бірнеше дүркін мәлімдеме жасап, АҚШ-тың әскери базасын жабатынын айтуда. Бұл мақала «Айқын» басылымының бүгін шыққан апталық санында «Қырғыз билігі қандай саясат ұстануы мүмкін» деген тақырыппен басылды.
Сондай-ақ аталмыш басылым бүгінгі санында әлемде қалыптасып отырған экономикалық жағдай мен оған келуі ықтимал қауіп-қатерлерге шолу жасапты. «Егер бүгінгі экономикалық әлеуеттегі сүбелі үлесті иемденетін шикізат бағасы қалай болады деген сұрақ алдан шықса, біз бұған да «ең кемі үш жылда алаңдау орынсыз» деп жауап бере едік. Мұның басты себебі - БРИКС тобындағы мұнай экспорттаушы елдердің өз алдына жеке концерн құратындығы»,-деп жазады басылым. Әлемдік экономикада қалыптасқан жағдай жөніндегі сарапшылардың ой-пікірлерін «Әлемдік экономиканың әлеуеті қалай?» атты мақаладан білуге болады.
***
«Алаш айнасы» басылымының жазуынша, «Атамекен» одағы қазақстандық кәсіпкерлердің құқығын қорғау жұмысына білек сыбана кіріскен сияқты. Ұйым жанынан құрылған қоғамдық кеңес кәсіпкердің құқығын бұзу оқиғаларын анықтап қана қоймай, оның заңды қызметіне заңсыз тосқауыл қойған шенеуніктерге қатысты нақты шаралар қолданатын болады. Оған бұқаралық ақпарат құралдарының да көмегі аса қажет. Бұл туралы «Алаш айнасы» басылымының бүгін шыққан санындағы «Кеңес кәсіпкердің құқын қорғайды» атты мақаладан кеңірек білуге болады.
Сондай-ақ осы басылым бүгінгі санында Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық дене тәрбиесі ғылыми-практикалық орталығының бас директоры, педагогика ғылымының докторы, профессор Меркіжан Қошаевпен болған сұхбатты жариялады. Ғалымның айтуынша, 60-70 жылдары оқу орындарында спортпен айналыспайтын студентті кездестіру мүмкін емес болатын. Спорттың қай түрін алсаңыз да, Қазақстан құрамасы, негізінен, студенттерден құралатын. Алайда 8-ші жылдардан бастап, студенттік спорт бірте-бірте құрдымға кетті. Неліктен? Бұл туралы ғалымның ой-пікірлерін «Алаш айнасының» бүгінгі санындағы «Студенттер спортының солғын тарту себептері» атты сұхбаттан білесіздер.
***
«Астана ақшамы» басылымы бүгінгі санында «Ханойдан - Абу-Дабиге» деген мақала жариялады. Басылымның хабарлауынша, кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Вьетнамға ресми сапары аяқталды. Ханойда өткен бірқатар жемісті кездесулер өткізген Қазақстан Президентінің Бірккен Араб Әмірліктеріне сапары басталды. Қазақстан индустриялық кешен мен мұнай-газ саласын жаңғырту мәселесінде вьетнамдық серіктестерімен бірлесіп жұмыс істеуге дайын. Қазақстан-Вьетнам өзара іс-қимылының перспективалық бағыттарының қатарында сондай-ақ көлік және коммуникация, кеме құрылысы, өңдеуші сектор, сауда, шағын және орта бизнес, ауыл шаруашылығы салалары бар. Елбасының Вьетнамға сапарының қорытындысы туралы «Астана ақшамы» басылымынан бүгінгі санына білуге болады.
***
«Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санында «А у нас дешевый газ, А у вас?» атты мақала басылды. Басылымның жазуынша, көгілдір отынға деген бағаны мемлекеттік реттеу шарасы заңда қарыстырылған. Кеше Мәжілістің жалпы отырысында тұрғындар үшін ілеспе газды тиімді пайдалану жөніндегі заң жобасы мақұлданды. Аталмыш құжат еліміздің энергетикалық және экологиялық қауіпсіздігін нығайтуды көздейді. Заң жобасындағы басты ерекшелік ол көгілдір отынды тасымалдаудағы көтерме бағаны реттеу тетіктерін қарастырады.