Қырғыз депутаттары ТМД Мемлекетаралық банкін салықтан және алымдардан босату туралы заң жобасын қабылдады

БІШКЕК. Қазанның 9-ы. ҚазАқпарат /Владимир Добровольский/ - Қырғыз Республикасының экономикалық даму және сауда министрі Ақылбек Жапаров қырғыз парламентінің мәжілісінде «Мемлекетаралық банктің Қырғызстан аумағында жұмыс істеу шарты туралы Қырғызстан Үкіметі мен Мемлекетаралық банктің арасындағы келісімді бекіту туралы» Қырғыз Республикасы Заңына өзгертулер енгізу туралы» заң жобасын таныстырды.

Жогорку Кенештің баспасөз қызметінен хабарлағандай, бұл заң жобасы Мемлекетаралық банктің ТМД кеңістігінде жүргізетін мемлекетаралық есеп-қисаптарының жүйесін құру мақсатында әзірленіп отыр.

«Атап айтқанда, елдің Ұлттық банкі Мемлекетаралық банктің, Мемлекетаралық валюталық комитет мен Орталық (ұлттық) банктердің басшылар кеңесінің рөлін күшейтуді ұсынып отыр», деді қырғыз министрі. А.Жапаров сондай-ақ, ұсынылып отырған түзетулерге сәйкес Мемлекетаралық банк барлық салықтан, алымнан, баж салықтарынан және Қырғызстан аумағында алынатын басқа да төлемдерден босатылатынын айтты.

Жогорку Кенеш депутаттары аталмыш заң жобасын қабылдады.

Мемлекетаралық банк - ТМД елдерінің басшылары 1993 жылы қаңтардың 22-сінде қол қойған Мемлекераталық банк құру туралы келісімнің негізінде жұмыс істейтін халықаралық есеп және несие-қаржылық мекемесі.