«Қырғыз елі қазақ валютасына көше ме?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 16 маусым, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Ұлттық музейге сый тарту» атты шара өтті

«Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының кіші залына тайлы-таяғы қалмай жиналған қауымның, яғни, қазақтың кешегі бетке ұстар азаматтарының ұрпағының алдында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай ғылыми тұрғыда дәлелденген осынау ақиқаты басым деректі дүйім жұрттың алдына жайып салды. Қазақ халқына ортақ жоғарыда айтылған отбасылық немесе жеке тұлғаның қолындағы тарихи құнды заттар мен бұйымдарды қаз-қалпында сақтауға бүгінгі қазақ мемлекетінің қауқары да, шамасы да жетеді. Ұлт мүддесі үшін жарғақ құлағы жастық көрмей жүрген зиялы азамат ол үшін жаңа технологиялық талаптар мүддесіне сай салынған Астанадағы көлемі 74 мың шаршы метр ауқымды Ұлттық музей кешенінің кез келген ұлт мұрасын сан ғасырлар қойнауына жеткізіп сақтай алатынын да сөз арасына қосып қойды»,-деп атап өтілген мақалада. Бұл жайында «Серағаның қамшысы мен Ғарифолланың домбырасы» деген мақалада толық берілген.

Бас басылымда «Тоғыз жолды түйістіретін жаңа бекет» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Астана қаласындағы жаңа вокзалдың құрылысы биылғы жаз маусымы бастал­ғаннан бері қызып сала берді. Құрылыс басындағы мамандардың айтуынша, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің бетке ұстар айшықты нысандарының біріне айналуы тиіс теміржол көлігіндегі жолаушылар қақпасында суық түскенше біраз негізгі жұмыстардың басын қайырып үлгеру қажет. Ағымдағы жағдайға келсек, елорда­дағы жолаушылар тасымалының екінші тынысын ашуға тиіс қазіргі заман беке­тінің болашақ ғимараты орналасатын орынға жер төсемі мен топырақ үю істерінің межесі 2690000 текше метр болса, бүгінде соның 56 пайыз жұмысы орындалған. Ал вокзал кешенінің бас ғимаратының астындағы қадаларды қағу қимылдары қазір толық аяқталып біткен. Ғимарат іргетасы мен қаңқасын монолиттік темір-бетоннан түзуде 83781 текше метр монолит қондырғылар орнатылған. Сонымен бірге, шойын жол эстакадасына байланысты жұмыстар да қызу жүргізілуде. Металл аралықты монтаждауда әзірге 27000 тонна қажетті заттың 1698 тоннасы қойылыпты. Жалпы, еңбек көрігі қызған маңызды нүктеге, бүгінгі нысанның құрылыс алаңына 850-ден астам маман мен құрылысшы және 72 ірі техника тартылған.

***

«Астанада Қазақстан Парламенті мен Қырғызстанның Жогорку кенеші арасында «Ынтымақтастық жө­ніндегі парламентаралық кеңес туралы» келісімге қол қойылды. Осы күні түңлігін жаңадан түрген кеңестің тұңғыш отырысы да ұйымдас­тырылды»,-деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санында.

Жиынды ашқан Мәжіліс төрағасы Қабиболла Жақыпов 2012 жылғы тамыз айында Қазақстан және Қырғызстан президенттері арасында қол жеткізілген уағдаластықтың ақыры іске асып, осы Кеңестің құрылуын «екі ел парламенттері үшін тарихи оқиға» деп бағалады. - Қазақстан аймақтағы сенімді стратегиялық әріптесі - Қырғызстанмен барлық бағыттарда жан-жақты ынты­мақтастықты өрістетуге үлкен мән береді. Елдеріміздің табысты ынтымақтастығын біздің мемлекет басшылары айқындайды, - деді Қ.Жақыпов. Спикер бауырлас екі ел арасындағы өзара сауда-саттық көлемі, әлемдік экономикадағы теріс құбылыстарға қарамастан, 1 миллиард доллардан ас­қандығын атап өтті. Екі елді қарым-қатынасы мәселесін арқау еткен мақала « Қырғыз елі қазақ валютасына көше ме?» деген тақырыппен жарияланды.

Осы газетте «Арнайы жолақпен жүргендерге айыппұл салынады» атты мақала басылды. «Автобустарға арналған арнайы жолақ қоғамдық көліктің жылдамдығын сағатына 18 шақырымға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді» деп мәлімдеді Алматы қалалық жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Талғат Әбдірахманов. Басқарма мамандары бүгіннен бастап қоғамдық көлік жеке көлікпен бәсекелесе алады, енді қалалықтар қоғамдық көлікке көбірек отырады деген сенімде. Әзірге Абай даңғылына жүргізілген жолақ туралы басқарма басшысы «2012 жылы қала әкімінің баста­масымен қоғамдық көліктерге ар­найы жолақ бөлу жайлы бағдарлама жасалды. Бүгіннен бастап жаңа ереже күшіне енді. Абай көшесімен жүретін автобус маршруттарының саны қысқартылды. Бұған дейін бұл көшемен жиырма автобус, жеті троллейбус жүрсе, енді тоғыз ав­тобус, төрт троллейбус қалды» де­ген дерек келтірді. 2012-2016 жылға арналған бағдарламаға сәйкес, қоғамдық көліктерге арналған жо­лақтар Орбита ықшамауданы, Райымбек даңғылы, Жандосов, Мұстафин, Тимирязев, Сейфуллин көшелеріне жасалатын болады.

***

«Ана тілі» басылымының соңғы санында «Сот құжаттарының сапасы көңіл бөлуді қажет етеді» атты мақала жарияланды.

«Қазақ тіліндегі мәтіні жарымжан заңдар қолданылысқа енгізіліп жатқандығы ащы болса да шындық. Сот актілерінің жобаларын әзірлеу барысында құжат мәтінін қазақ тілінің грамматикасына сай ресімдеу қажеттілігі болып тұрса да, қабылданып кеткен қолданыстағы редакциядан ауытқи алмаймыз. Осылайша қате үстіне қате жасала береді, сондықтан қазақ тіліндегі заң мәтіндерінің сапасы туралы мәселені көтеру қажет. Осы орайда, осы мәселені «Заң терминологиясын қалыптастыруға ықпал етуші негізгі құжаттар - мемлекеттік деңгейдегі заңдар мен нормативті-құқықтық құжаттар мен түрлі бағыттағы құжат түрлері екендігін, қоғамдық өмірде олардың кеңінен, белсенді қолданылатындығын ескерсек, олардың қай-қайсысы да заң терминологиясын жүйелеуде басшылыққа алынатын еңбектердің қатарына жатады» деген көзқарас тұрғысынан қарастырғанда, орыс тілінен қазақ тіліне аудару барысында, мәтіндер бірдей болсын дегеннен ауытқи аламыз ба, әлде қалай деген заңды сұрақ туындайды. Дәлме-дәл аударма күрделі заң тілінің мағынасын ашып бере ала ма? Олай деп дәл кесіп айта алмайсыз, себебі орыс және қазақ тілдерінің құрылымы мүлдем бөлек»,-деп жазады мақала авторы.