«Қырғыз ғалымдары ұсынғандай, Қазақстан-қырғызстан конфедерациясын құру мүмкін бе?»- республикалық басылымдарға шолу

ТАНА. 12 қазан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 12 қазан, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Турбьорн Ягландты қабылдады. Онда Еуропа Кеңесінің Бас хат­шы­сы Қазақстанның өз еркімен, бір жақты тәртіппен ядролық арсенал­ды пайдаланудан бас тартуы тарихи мәнге ие, маңызды қадам болып табылатынын атап көр­сет­ті. Бұл бастама, әсіресе, әлемді ядролық қарудан азат ету жө­ніндегі жаһандық науқан аясында өте маңызды. Т.Ягланд Қазақ­стан ядролық қарусыздану және таратпау жалпыәлемдік үдерісінде өзі­нің белсенді қызметін жал­ғас­ты­ра беретініне сенімін білдірді. Т.Ягланд Қазақстан таңда­нар­лық табыстарға қол жеткізіп, ай­мақта ғана емес, сонымен бірге, әлемдік аренада да белгілі серпінді мемлекетке айналғанын атап өтті. Кездесуде көтерілген мәселелер «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Қазақстан - тұрақтандырушы күш» атты тақырыппен басылды.

Сондай-ақ осы басылымының жазуынша, Тәуелсіздікпен бірге атажұртқа бастаған көшке де биыл 20 жыл толды. Атамекенге 20 жыл ішінде 300 мыңға жуық отбасы көшіп келді. Осылайша ел халқының саны 1 миллионнан астам адаммен толықты. Еңбекке қабілетті оралмандар Қазақстан экономикасына өз үлестерін қосуда. Олардың үштен екісі өндірістің әртүрлі салаларында жұмыс жасаса, әрбір төртіншісі ауыл шаруашылығында жұмыс істейді. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Оралмандар мәселесі талқыланды» атты тақырыптағы мақалада.

***

«Айқын» басылымы бүгінгі санында «Үндемей қалуға болмайды» деген тақырыппен Елбасының саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевпен болған сұхбатты жариялапты. Онда кеңесші елдегі саяси мәселелер жөніндегі ойларымен бөліседі.

Сондай-ақ аталмыш басылым бүгінгі санында «Халықтың пікірін білген дұрыс» деген тақырыппен мақала жариялап, «Нұр Отан» партиясы Парламентаризм институты «Қазақстан халқының әлеуметтік көңіл-күйі» деген тақырыпта қыркүйек айында жүргізген әлеуметтік зерттеулердің қорытындысын жариялады. Оған сәйкес, былтырғы жылмен салыстырғанда қазақстандықтардың 36,5 пайызының әл-ауқаты жақсарса, 40 пайызының жағдайы бірқалыпты. 14,9 пайызының әлеуметтік әлеуеті нашарлап кетсе, 8,7 пайызы өзінің өмір сүру деңгейі қандай дәрежеде екенін тап басып айта алмаған.

***

«Алаш айнасы» басылымының жазуынша, ішкі істер саласына реформа жасау барысында айықтырғыштар аталмыш министрліктің құзырынан алынып, Денсаулық сақтау министрлігінің еншісіне берілді. Бірақ бұл бәсірені не істерге білмей, ақ халатты абзал жандардың басы қатуда. Кеңес өкіметі тұсында Алматы қаласында әрқайсысы 30 орындық аудандық ішкі істер бөліміне қарасты 9 айықтырғыш жұмыс істеген. 90-шы жылдардың басында көппен бірге қаржы қыспағына түскен айықтырғыштар біртіндеп жабыла бастады. Сөйтіп қаладағы айықтырғыштар түгелімен жабылды да, маскүнемдер мәселесі ашық қалды. Бұл туралы «Алаш айнасының» бүгінгі санындағы «Қаңғыбас атанғандардың ертеңгі күні не болмақ?» атты мақалада.

Сондай-ақ осы басылымның хабарлауынша, қырғыз ғалымдары Қазақстан-Қырғызстан конфердерациясын құруды ұсынып отыр. Бұл пікірді білдірген - қатардағы жай ғана ғалым емес, қырғыз қоғамында беделі бар саясаткер, бұрындары елдің ең жоғарғы заң шығарушы органы Жоғорғұ Кеңештің төрағасы болған Зайнидин Құрманов. «Алаш айнасы» басылымы осы тақырыпқа байланысты мамандардың пікірін білген. Бұл пікірлерді «Қырғыз ғалымдары ұсынғандай, Қазақстан-қырғызстан конфедерациясын құру мүмкін бе?» атты мақаладан оқуға болады.

***

«Казахстанская правда» басылымы бүгінгі санында бүгін елордада «Ядросыз әлем үшін» атты форумның басталатындығын жазады. Мемлекет басшысының бастамасымен ұйымдастырылғалы отырған аталмыш жиын Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Семей полигонының жабылғанына 20 жыл толуы құрметіне орай ұйымдастырылып отыр. Жиын барысында жаппай қырып-жою қаруларын жою мен ядролық қаруды пайдаланбауға қатысты бірқатар құжаттар мен мәселелер талқыланады деп күтілуде. Бұл туралы «За мир без ядерной угрозы» атты мақаладан оқисыздар.